Ресей әлемге ықпалын күшейтуді көздеп, әлемдік тәртіпті тұрақсыздандыруға тырысып, халықаралық аренада бүлдіруші рөлін ойнап отыр. Джо Байден атынан жарияланған АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясына байланысты құжатта Мәскеу әрекетіне осындай баға берілген.
Онда Ресейдің Қытаймен бірге АҚШ-ты әлсіретіп, Вашингтон мен одақтастарына мүдделерін қорғауға мүмкіндік бермес үшін едәуір ресурс жұмсап жатқаны жазылған.
Бірақ құжатта АҚШ-тың халықаралық аренадағы жетекші қарсыласы - Ресей емес, Қытай деп көрсетілген. Құжаттағы мәліметке қарағанда, Қытай - өзінің экономикалық қуаты мен дипломатиялық талпынысы, әскери қуаты мен технологиясын жұмылдыра отырып, тұрақты әрі ашық халықаралық жүйеге шынайы қауіп-қатер төндіре алатын АҚШ-тың жалғыз бәсекелесі. Қаруды бақылау жөніндегі абзацта Ресей мен Қытай атап өтілген, онда АҚШ-тың бұл мәселе және стратегиялық тұрақтылық бойынша диалог орнатуға әзір екені жазылған.
Стратегия туралы құжатта барған сайын авторитаризмнің әлемде трендке айналып, ауқымы ұлғайғаны және демократияға қауіп төндіріп жатқаны айтылған.
"АҚШ негізін қалауға атсалысқан одақтар, институттар, әлемдік тәртіпті анықтайтын келісімдер мен нормаларға қазір салмақ түсіп жатыр" делінген құжатта. Онда демократиялық нормалар мен оған негізделген халықаралық тәртіпті қорғау қажеттілігі баяндалған.
Онда АҚШ-тың сыртқы саясаты Америкадағы аз топтар емес, жалпы көпшілікке қызмет етуі тиіс деп жазылған. Нәсілшілдік пен дискриминацияны жою, климаттың өзгеруімен күрес, адамдардың тұрмысын жақсарту сияқты мәселелерге ерекше назар аударылады. Стратегияда Еуропа пен Азия елдерімен одақтық қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығы бірнеше рет атап өтіледі. Құжатқа Байденнің сайлау алдында берген уәделерінің бірі - халықаралық демократиялық форум өткізу ұсынысы енгізілген. Ол авторитарлық тенденциялар күшейген шақта демократияны қорғау мәселелеріне арналуы тиіс.
- АҚШ мемлекеттік хатшысы жақында ұлттық қауіпсіздік стратегиясына байланысты бірқатар мәселені көтерген. Ол АҚШ-тың әлемде демократияны жылжыту идеясына адал болып қалатынын, бірақ бағытын өзгертетінін айтқан.
- "Біз өзге елдерді маңызды реформа жүргізуге ынтыландырамыз, нашар заңдардан бас тартып, жемқорлықпен күрес және әділетсіздікпен күресін қолдаймыз. Біз демократиялық қадамдарды зор бағалаймыз, бірақ демократияны күшпен танбаймыз, әскери төңкеріс немесе авторитарлық режимдерді күшпен құлату амалдарын қолданбаймыз. Біз мұндай тактикаға бұрын жүгінгенбіз, бірақ түп мақсатымыз игі болса да, олар сәтті болған жоқ" деді мемлекеттік хатшы.
- Ол Қытаймен қатынасты "21 ғасырдың ең ірі геосаяси сынағы" деп атаған. Мемлекеттік хатшы Ресей, Иран, Солтүстік Корея да АҚШ-қа ірі қауіп төндіреді, алайда оларды Қытай қаупімен салыстыруға келмейді деп айтқан.