4 наурызда Тараз қаласының №2 соты белсенді Назира Лепесова және Назира Лесованы "тыйым салынған ұйым ісіне араласты" деп айыптап, бас бостандығын екі жылға шектеді. Оларға бес жылға дейін "ақпарат құралдары және желілері арқылы қоғамдық саяси қызметпен айналысуына" тыйым салды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Тергеуде сараптама жұмыстары жүргізілгені үшін Лепесова 75114 теңге және жәбірленушілер қорына 55 560 теңге, ал Лесова тек жәбірленушілер қорына 55 560 теңге өтеуге міндеттелді. Лепесова 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі.
Айыптаушы тарап оларды елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысының қызметін ұйымдастырудыжәне қатысты деп кінәлады. Сотта Лесоваға "былтыр қыркүйек облыс әкімдігі алдында заңсыз митингіге шығуға шақырған" деген де айып тағылды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар. Белсенділер үкіммен келіспейтінін, жақында аппеляцияға шағым түсіретінін айтты.
Лесованың сөзінше, оларға қатысты тергеу былтыр қыркүйекте басталған.
- 23 қыркүйекте үйге келіп заңсыз, ескертусіз тінту жасап кетті, телефон, ноутбуктерді тартып алды. Ноутбукті кейін қайтарды, ал телефон сол күйінде берген жоқ. Содан кейін осы тергеу де басталды, - дейді ол.
Айтуынша, тергеуге арнайы қағаз әкеліп шақырмаған, "үнемі көшеден ұстап әкеткен".
- Бір рет Лепесованың үйіне бара жатқанда екі жақтан тартып, сүйреп машинаға мінгізді. "Сендер жайдан-жай рұқсатсыз әкетіп жатсыңдар" дегенде, машинаға итеріп, артынан алба-жұлба шақыртуды "міне" деп көрсетті. Бұл шамамен желтоқсанда болды, - деді Лесова.
Ол полицейлердің осы әрекеті үшін алдағы уақытта сотқа шағымданатынын айтты.
Осыған дейін 2 наурызда Тараз тұрғыны, белсенді Жазира Қамбарованы дәл осындай баппен айыптап, екі жылға бас бостандығынан шектеген еді. Ал ақпанда Бағдат Бақтыбаевты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "есірткі сақтады" деп, бас бостандығын екі жылға шектеді.
Қазақстан соты шетелге қашып кеткен экс банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. 2020 жылы "Көше партиясы" қозғалысын ҚДТ-ға қатысы бар деп бұл ұйымның да жұмысына тыйым салған.
Еуропарламент бұған дейін ҚДТ пен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған резолюциясында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтындарды жиі қудалап, жазалайды.