Еуроодақ мүше елдердің халқын коронавирусқа қарсы вакциналау жөнінде қателік жіберген болуы мүмкін деді Еурокомиссия төрағасының орынбасары Франс Тиммерманс.
Tagesspiegel неміс басылымына берген сұхбатында Тиммерманс қателікті Еуроодақ билігі де, жекелеген ел үкіметтері де жіберген болуы мүмкін деді. Сөйте тұра ол эпидемияның аяқталуын күтуге шақырды. Оның сөзінше, тек сол кезде қате және дұрыс шешімдердің ара-қатынасын анықтауға болады.
Еуропадағы бірқатар саяси күш және кей мемлекет Еурокомиссияның вакциналау жөніндегі саясатын сынап отыр. Қазіргі саясат аясында, вакцина сатып алу мен үлестіру орталық саналатын Брюссель арқылы жүріп отыр. Ал мемлекеттердің Еурокомиссияны айналып өтіп өздігінен сатып алу мүмкіндігі шектеліп отыр.
Сенбі, 13 наурыз күні Австрия, Чехия, Словения, Болгария, Хорватия және Латвия елдері Еуроодақтың төтенше саммитін өткізуге шақырды. Олардың сөзінше, қазір Еуроодақ мүшелері арасында вакциналау жөнінде тепе-теңдік жоқ. Аталған елдер саммитте осы мәселе талқылануы тиіс дейді.
Бастама көтерген бес мемлекет Еуроодақ ішінде вакцина әділетсіз үлестіріліп отыр деп санайды. Олардың мәлімдеуінше, кей елдер вакциналау деңгейі бойынша басқа елдерден алға шығып, жазға қарай ұжымдық иммунитетке қол жеткізгелі отырса, кей елде екпе егу баяу жүріп жатыр.
Еуроодақ ішінде вакциналау деңгейінің АҚШ пен Ұлыбританияныкінен қалып қойғаны да сынды күшейтіп отыр. Кейінгі деректерге қарағанда, орташа есеппен Еуроодақ халқының 10 пайызы вакцинаның кемі бір дозасын алған. Бірақ Латвия мен Болгария секілді елдердің көрсеткіші бұл межеден едәуір төмен. Ал Ұлыбритания халықтың үштен бір бөлігі вакцинаның кемі бір дозасын алып үлгерген.
Еуроодақ осы күнге дейін төрт компанияның вакцинасын мақұлдады. Олар: Pfizer, Moderna, AstraZeneca және Janssen. Бірақ сатып алу келісім-шарттарында көрсетілген көлем жеткізілмей отыр. Мәселен, кейінгі мәліметтерге қарағанда, AstraZeneca маусымның соңына дейін Еуроодаққа бар болғаны 100 миллион вакцина дозасын жеткізбек. Бастапқыда 300 миллион доза жеткізетін болып келісілген.
Осыған қарамастан кейінгі апталарда Еуроодақтың көптеген елінде вакциналау қарқыны күшейді.
Еуроодақ әзірге ресейлік "Спутник V" вакцинасын мақұлдай қоймады. Екпе тексеруден өтіп жатыр. Еуроодаққа мүше екі ел – Венгрия мен Словакия – ресейлік вакцинаны өздігінен сатып алды (олардың бұған құқығы бар, себебі "Спутник V" Еуроодақтың орталықтанған сатып алу жүйесіне қосылмаған). Венгрия оны вакциналауда қолдана бастады, Словакия әлі бастаған жоқ.
Еуроодақ мақұлдамаған вакцинаны сатып алу Словакия үкіметінде шиеленіс тудырып, денсаулық сақтау министрінің отставкасына әкелді. Басқарушы коалицияға кіретін бірқатар топқа премьердің ресейлік вакцина жөніндегі келіссөзде құпия жүргізіп, коалициядағы одақтастарға хабар бермегені ұнамай қалды.
Кейінгі ресми мәліметтерге қарағанда, Ресейдің өзінде 7 миллион екпе салынған – жан басына шаққанда, Еуроодақтың көптеген еліндегі көрсеткіштен төмен.