15 наурыз таң ата Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Боголюбово ауылында екі пәтерлі жер үйден өрт шығып, екі адам көз жұмды. Өрт 100 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдай департаментінің алдын ала болжамы бойынша, өрт газ баллон жарылғаннан шыққан.
Өрт шыққаны жайында хабарлама төтенше жағдайлар департаментіне таңғы сағат 05:53-те келіп түскен.
"Бүкіл тұрғын үй отқа оранды. Қазір біздің зерттеу лабораторияның қызметкерлері өрттің нақты себебін анықтап жатыр. Өрт болған жерден екі адамның мәйіті табылды. Көршілердің айтуынша, қаза болғандар – үйдің иесі мен оның әйелі" деді СҚО ТЖД басшысының орынбасары Урал Әбдірахманов.
Қайтыс болған ер адам 57 жаста, әйел адам 47 жаста болған. Көршілердің сөзінше, жарылған үйде екеуі ғана тұрған.
"Жақсы адамдар еді. Ер адам жұмыс істемеген. Ал әйел адам Қызылжар ауданы Бескөл ауылына барып келіп жұмыс жасаған. Қазір мәйіттерді Петропавл қаласына мәйітханаға әкеткен. Жарылған үйден түк қалған жоқ. Соны ғана білеміз" деді ауыл тұрғыны Жанар Елеусізова.
"Бұл жапсарласқан екі үй болған. Бір жағында екі адам тұрды. Сол екі адам қайтыс болды. Ал екінші жағында төрт адам тұрған. Бұл үйдегі әйелі мен күйеуі аман. Олардың екі кішкентай баласы әжелерінің үйінде болған" деді Құйбышев ауылдық округінің әкімінің міндетін атқарушы Айбек Тұрагелді.
21 ақпанда Петропавл қаласындағы бес қабатты жатақханада өрт шығып, салдарынан үш адам көз жұмған. Бұл оқиғада да өрттің шығуына газ баллонының жарылуы себеп болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кафеде газ баллон жарылып, 2 адам мерт болды. Тұрғындар түгел көшірілдіТөтенше жағдай департаментінің дерегінше, жыл басынан бері СҚО-да 148 рет өрт шыққан. Оның жетеуі өткен аптада болған. Өрт салдарынан 24 адамның өмірі қиылды.