Алматыдағы коронавирус науқастарына арналған ауруханадағы орындардың 40 пайызы бос емес. Бұл туралы 15 наурызда Алматы қаласы бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
Алматы қазір коронавирустың тарауы бойынша “қызыл” зонада. Бекшиннің сөзінше, қазір күніне жүз адам ауруханаға түсіп жатыр.
Ол “Алматыда күніне 300 адам ауруханаға түссе қоғамдық көліктер мен кейбір кәсіпорындар жұмысы тоқтап, қатаң шектеу енгізіледі, ал күніне 500 адам ауруханаға түссе қала шетіне блокпостар қойылып, толық локдаун болады” деді.
- Ауруханаларда жеті мың орын бар, бірақ бұл орындар лезде толуы мүмкін. Егер күніне 500 адам ауруханаға түссе, бір инкубациялық уақытта бүкіл орын толып кетеді. Бұған жол бермеуіміз керек, - деді Бекшин.
Кеше, 14 наурызда Алматыда 360 адамнан коронавирус табылған. Бекшин вирус жұқтырғандардың өсуіне 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніндегі карантин шараларының сақталмауынан деп санайды.
Алматы вирустың жылдам тарауын болдырмас үшін 21-22 наурыздағы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына жоспарланған шаралардың бәріне шектеу қойды. Осы демалыста Алматыда қоғамдық көлік тоқтап, сауда орталықтары жабық болды. Бекшин “қала қызыл аймақтан шыққанша демалыс күндердегі шектеулер сақталатынын” айтты.
Қазақстанда былтырғы наурыздан бері ресми түрде 275 мыңнан аса адам Covid дертіне шалдықты. 3511 адам қайтыс болды. Қазақстан былтыр коронавирус жұқтырған 900-ден аса марқұмды “өліміне басқа дерт себеп болды” деп статистикаға қоспаған.