15 наурыз күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда тағы 954 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясына шалдыққандар мен адам өлімі туралы мәліметті жариялаған кезде екі күн бұрынғы деректі жариялайды. 14 наурыз күнгі дерек бойынша, 7 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 9 адам – коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады.
2020 жылдың 13 наурызынан бері 225 685 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2865-ы қайтыс болған. 207 371 адам жазылған.
Өткен тәулікте Алматы қаласында 297 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Бұл республика бойынша ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда 127 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір күнде анықталған науқастар жүзге жетпейді.
Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарға жеке код беріп, оларды жалпы Covid статистикасына қоспай бөлек есептеп келеді. Оған дейін қанша адамның аталған ауру түріне шалдыққаны белгісіз. Министрлік коронавирус пневмониясын пневмонияның жалпы түрлерінен ажырату қиын болғандығын алға тартқан. Соңғы мәлімет бойынша, содан бері 49 817 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 45 235 адам жазылған. 656 адам қайтыс болған.
Қазір 19 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Басым бөлігінің ПТР тесті оң шыққан. 239 адамның жағдайы ауыр. 36 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 120 млн 191 мың адамға коронавирус жұққан. Шамамен 68,1 млн жазылған, 2,6 млн адам қайтыс болған.