Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Ресей аннексиялап алған Қырымда Азаттықтың штаттан тыс тілшісі Владислав Есипенконың қамалуын айыптады.
"Кремль өзі аннексиялап алған Қырымда кез келген балама пікір иесін тұншықтырып, қудалап жатыр. Жақында Украин қызметінің фрилансері Владислав Есипенконың ұсталуы алаңдаушылық туғызады. Есипенконы дереу босатып, оның отбасына оралуына мүмкіндік берілуі тиіс" деді Джейми Флай.
"Владислав Есипенко Украинаның арнайы қызметімен астыртын байланыс орнатты" деген айыпқа қатысты реакция білдірген Украина сыртқы барлау қызметі "ресейлік арнайы қызметтің арандату әрекетіне түсініктеме бермейміз" деп жауап берді.
"Қырым оккупациясын атап өту күні қарсаңында ұйымдастырылған мұндай насихатшыл акция – халықты түбектегі көптеген ішкі мәселелерден басқа жаққа назар аудартудың қолайлы тәсілі" деді Украина сыртқы барлау қызметінің баспасөз қызметі.
Украина СБҚ "нақты кезеңде Ресей Украина шығысындағы жағдайды реттеу процесіне Киевті кінәлап, Қырымды бейбіт түрде қайта біріктіру бойынша құрылған "Қырым платформасы" бастамасын қаралау үшін жағдайды әдейі ушықтырып жатыр" деп санайды.
16 наурызда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қоғамдық байланыс орталығы Қырымда "Украина арнайы қызметі үшін ақпарат жинады" деген күдікпен Владислав Есипенконың ұсталғанын хабарлаған. ФСБ-ның айтуынша, Есипенко "Қырым аумағында маңызды нысандар мен адамдар көп жүретін орындарды фото-видеоға түсірген".
Жақында Украинаның құқық қорғаушылары ортақ мәлімдеме таратып, Ресей билігінен Владислав Есипенконы босатуды талап еткен. Олар Украина мен халықаралық қауымдастықты Қырымда қудалауды күшейткен Ресейге қысым жасауға шақырған.
Владислав Есипенкоға "заңсыз қару дайындау, құрастыру немесе жөндеу" және "заңсыз оқ-дәрі әзірлеу" баптары бойынша айып тағылған. Ресей Қылмыстық кодексінде мұндай әрекетке 6 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.