Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы мектепте 72 оқушының дене қызуы көтеріліп, іші ауырған. 38-і ауруханаға түскен. Олар мектеп асханасында улануы мүмкін. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 304-бап 1-бөлігі бойынша ("Санитария қағидалары немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") іс қозғалды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқушылардан "дене қызуының көтерілуі, құсу мен диарея" белгілері байқалған.
"Алдын ала ішек немесе энтеровирустық инфекциясы диагнозы қойылды. Тамақты мектеп асханасын жалға алған жеке кәсіпкер ұйымдастырады" деп хабарлады облыстық басқарма.
Мектеп 18 наурызда жабылған. Бала саны 300-ден аспайтын мектеп офлайн оқып келген.
Ұлан ауданы білім беру бөлімінің жетекшісі Қуат Барысұлының айтуынша, ата-аналардан шағым 17 наурыз таңертеңнен түсе бастаған.
– Алдыңғы күні басталған. Таңертеңнен түске дейін 16 адам болды. Кейінірек бәрін жауып, тексерейік деп жатқанда қалғандары шыға бастады. Ақырғысы бүгін сағат 7-де тіркелді... Олар уланған ба немесе энтеровирустық инфекция ма, оны СЭС-тің анализдері анықтайды, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Барысұлының айтуынша, қазір ауруханада жатқан 38 баланың жағдайы қалыпты.
– Бір баланың жағдайы қалғандарына қарағанда сәл ауырлау. Оны реанимацияға жатқызды. Оның өміріне қауіп жоқ, – деді ол.
"Бақылауды әлсіреткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аудан әкімдігі мен білім басқармасы балалардың улану себептері мен жағдайларын зерттеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрды" деді ШҚО білім беру басқармасы.