Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Азаттық радиосының Өзбек қызметі тапқан таудағы құпия курорттың мемлекетке тиесілі екенін және ол "жоғары лауазымды қонақтарды күтуге арналғанын" айтты.
Азаттық зерттеуінде Ташкенттен солтүстік-шығысқа қарай 100 километрдей жердегі Угам-Чаткал ұлттық бағында орналасқан салтанатты сарайдың біраз құпиясы ашылады және ол Шавкат Мирзияевқа арнап салынған деген болжам айтылады.
Осы зерттеуге байланысты алғаш пікір білдірген Мирзияев Шоввозсой өзені маңындағы мүлікке еш қатысы жоғын айтты және "Узбекистон темир йуллари" мемлекеттік теміржол компаниясы айтқан мәлімдемені қайталап, курорт заңды негізде осы компанияға тиесілі деді.
Ташкент маңында өткен шарада блогердің сұрағына жауап берген Мирзияев: "Онда ешкім демалған да, тұрған да емес, ешкім оны біреуге [жекеменшікке] берген де емес. Бұл – мемлекеттік нысан. Мұнда президенттің не қатысы бар? Әлдебір лауазымды тұлға Өзбекстанға пайдасын тигізетін сапармен келсе ғана президент ол жерге барады" деді.
Мирзияев кімді "жоғары лауазымды қонақ" деп санайтынын нақтыламады, дегенмен жұмысы көптігіне байланысты бұл ғимаратты жеке мақсатқа мүлде пайдалана алмағанын ескертті.
"Президент [билікте болған] бес жыл ішінде неше рет демалды деп неге сұрамайсыз?" деді ол.
Тікұшақ қонатын алаңқайы бар, төбесінен ұшуға тыйым салынған бұл кешеннің құрылысы Мирзияев билікке келгеннен соң, 2017 жылы басталып, 2018 жылдың соңында біткен.
Жергілікті тұрғындар кешеннің жанынан жасалған жаңа суқойманың кесірінен судан қағылып, қоршаған орта зиян шекті, көп отбасы мәжбүрлеп көшірілді дейді.
Құрылысшылардың айтуынша, олар нысанға кірерде телефондарын қалдырып кетуге мәжбүр болған, ал блокпосттарда тұрған қарауыл бейсауат адамды кешен маңына жақындатпайды.
Ресми орындар суқойма мен курорттың неге салынғанын, оның құрылысына қанша қаржы жұмсалғанын ешқашан айтпаған. Азаттықтың көп дереккөзінің айтуы бойынша, курортты салуға бірнеше жүз миллион доллар ақша кеткен.
Азаттықтың Өзбек қызметінің зерттеуі 23 ақпанда жарық көрген. Оның ертесінде "Узбекистон темир йуллари" курорт Мирзияевқа арнап салынбағанын, ол теміржол компаниясы қызметкерлерінің демалыс базасы саналатынын және компанияға қарайтынын хабарлады.
Мәлімдемемен бірге видеоролик те таратылды, оның ішінде қарама-қайшы жайт өте көп.
Билікке келгелі Мирзияев өзін ел басқару, адам құқықтарын қорғау, жемқорлықпен күрес істерінде ашықтыққа ұмтылатын басшы ретінде көрсетуге тырысып жүр. Дегенмен халықаралық ұйымдар сөз бостандығы, адам құқықтары және саяси плюрализм шектеулі деп Өзбекстанды жиі сынға алады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңа ханшайым? Өзбекстанда Мирзияев қызының ықпалы артып келеді