Қазақстанда 22 наурызда 1101 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 21 наурызда елде 1208 адамнан вирус табылған.
Министрліктің дерегінше, 21 наурызда елде 10 адам "коронавирус пневмониясына" шалдыққаны анықталды. Елде 21 наурызда коронавирус пен "коронавирус пневмониясынан" 12 адам қайтыс болған.
Ресми дерек бойынша, елде барлығы 234 007 адамнын коронавирус табылған. Былтырғы 13 наурыздан бері елде 2934 адам көз жұмды.
Ал "тесті теріс, бірақ Covid белгілері бар пневмонияға" 50 131 адам шалдығып, 664 адам қайтыс болған. Билік "пневмония" статистикасын 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Жазда індет өршіп, пневмониямен елде ауруханаға түскендер мен көз жұмғандар күрт көбейген. Бірақ тамыздың басына дейін “пневмонияға” шалдыққан және көз жұмғандардың саны белгісіз. Министрлік маусым-тамыз арасында "коронавирус пневмониясына" шалдыққандарды "техникалық қиындықтарға" сілтеп, статистикаға қоспады.
Денсаулық министрлігі өзінің ресми статистикасын коронавирус табылғандар мен "коронавирус пневмониясына" шалдыққандар деп екіге бөліп жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, билік былтыр коронавирус табылған мыңға жуық марқұмды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп ресми статистикаға қоспаған.
Көп сарапшылар Қазақстанда індетке шалдыққандар мен көз жұмғандар әлдеқайда көп деп, ресми статистикаға сенбейді.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 123,6 млн адамнан вирус табылған. 2,72 млн адам көз жұмса, 70 миллионнан аса адам дерттен айықты.