Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Жер комиссиясының құрамын жариялады. Оған депутаттар, белсенділер, бизнесмендер, кәсіпкерлер және Нұр-Сұлтан, Алматы мен облыс әкімдерінің орынбасарлары кірген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліске шетелдіктер мен қандастарға жерді сату және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын жолдаған. Тоқаев заң жобасын талқылау үшін қоғамдық комиссия құруды да тапсырған.
Комиссияның құрамына жер мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан; саясаттанушы Расул Жұмалы; "Ұлт тағдыры" ұйымының төрағасы Дос Көшім; "Адал" партиясынан парламент сайлауына түсіп, мәжіліске өте алмай қалған журналист Мақсат Толықбай; Ұлттық сенім кеңесінде болып, кейін шығып кеткен белсенді Жәнібек Қожық; Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болған экономист Олжас Құдайбергенов; белсенді Мұрат Әбенов енген.
Комиссияда биліктегі "Нұр Отан" партиясының хатшысы Айдар Қырықбаев, мәжіліс депутаттары – Бекболат Тілеухан, Бақыт Смағұл, Берік Әбдіғали, Жанарбек Әшімжан, Асқар Үйсімбаев, Айқын Қоңыров бар. Бұдан бөлек, сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мұрат Бақтиярұлы, Ақылбек Күрішбаев, Ерік Сұлтанов және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбек те енген.
Комиссияның алғашқы отырысы 25 наурызға белгіленген. Бұл жиында жер кадастры және Қазақстан азаматтығын алу үшін қойылатын талаптарды күшейту мәселесі қаралады.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Жер митингісі Атырауда басталған. Билік осы қаладағы митингіден соң белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды "жалған ақпарат таратты", "митинг заңын бұзды" және "араздықты қоздырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Аянның түрме жазасы шартты жазаға ауысып, қамаудан ерте босаған. Ал Боқаев "билікпен келісімге келмеймін" деп бес жыл жазасын өтеп, биыл ақпанның басында бостандыққа шықты.
2016 жылдан бері елдегі бейбіт наразылықтарда жұрт биліктен жерді шетелдіктерге сатпауды, жалға бермеуді талап етіп келеді.
Президент Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық сенім кеңесінің жиынында шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерін жалға берілмейтінін және сатылмайтынын айтып, тез арада заң қабылдауды тапсырды.
Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.