Адвокаттар Навальныйдың денсаулығының күрт нашарлағанын хабарлады

Алексей Навальный. Мұрағаттан алынған сурет.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың адвокаттары Ольга Михайлова мен Вадим Кобзев қорғауындағы азаматтың денсаулығының күрт нашарлағанын хабарлады. Навальный қазір Владимир облысы Покров қаласындағы түрмеде отыр.

Михайлов пен Кобзевтің сөзіне қарағанда, өткен аптаның соңынан бастап оппозиционердің белі қатты ауыра бастаған. Бұған қоса, саясаткер аяқ сырқырауына да шағымданған. Адвокаттардың айтуынша, оған ауруды басатын "Ибупрофен" препаратының небәрі екі таблеткасы ғана берілген.

Сәрсенбі күні Навальныйға адвокаттарын кіргізбеген. Кездесу сағат 13-ке белгіленген, алайда кешке қарай Михайлов пен Кобзев түрме аумағынан шығарылған.

Түрме әкімшілігі бұл оқиғаны "режимдік шаралармен" түсіндірген. Навальный командасы оппозиционер тұтқындалғалы бері адвокаттарының белгіленген мерзімде алғаш рет кіре алмағанын айтып отыр. Саясаткердің жақтастары Навальныйды ауруханаға жатқызған болуы мүмкін, бірақ түрме әкімшілігі оны жасырып отыр деп топшылайды.

Былтыр жазда Навальный Сібірге сапары кезінде уланған. Саясаткердің өзі мен жақтастары қастандықты Ресей билігі ұйымдастырды деп санайды. Кремль мұны жоққа шығарады.

2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылы қозғалған қылмыстық іс бойынша түрмеге жіберген. Оны Мәскеуден 110 шақырым жердегі Покров қаласындағы № 2 колонияға этаппен жеткізген.

  • Қыста Ресейдің ондаған қаласында Навальныйды қолдау акциялары өтті. Оған ондаған мың адам қатысты. Наразылықтан кейін Ресей тергеу комитеті 40-тан астам қылмыстық іс қозғады. Сол істер негізінде Навальныйдың жанында жүрген белсенділер де ұсталды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нағыз концлагерь". Навальный қатаң режимдегі колониялардың біріне ауыстырылған