Полиция кедергісіне қарамастан Алматыда күндізгі сағат 12-ден өте бере Шоқан Уәлиханов алаңында "Қытай экспансиясына"қарсы митинг басталды. Таңертең полиция бұл аумақты қоршап, жақын маңдағы көшелерді жапқан еді. Бірнеше белсендінің ұсталғаны да белгілі болды. Интернет өшірілді.
Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, күндізгі сағат 12.30 шамасында митингіге шамамен 300-ге жуық адам жиналған. Наразылар Қазақстанда Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдірген.
– Қазақтың бүкіл байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осыған мүмкіндік беріп отырған бүгінгі Назарбаев - Тоқаев билігі. Біз Назарбаев билігіне қарсы тұрамыз. Қытай экспансиясына қарсы тұрамыз. Өйткені біз үндемесек, Қытайға жұтылып кетеміз. "Қонысыңда ұры тұтпа, өз-өзіңе бекем бол" деген сөз бар. Назарбаев билігі ата-бабамыздың бізге мұраға тастаған жерін сақтап қалу үшін ешқандай әрекет етіп жатқан жоқ. Керісінше, қытай зауыттарын кіргізіп, қатер шақырып тұр. Біз бұған жол бермейміз, – деді жиналғандар алдында сөйлеген белсенді Абзал Достияров.
Ол осы аптада басталған Жер комиссиясының жұмысын да сынады.
Orda.kz сайтының есептеуінше митингіге шамамен 200 адам қатысқан.
Жиналғандардың арасында "Демпартия" жақтастарымен қатар "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайтындар да болды. Олар митинг кезінде Қазақстан шенеуніктеріне жеке санкция салуды сұраған плакаттар ұстап тұрды. Кейбірі "саяси тұтқындардың" суреті басылған плакаттар көтеріп, оларды босатуды талап етті.
Жанболат Мамай мінберде тұрып қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтан ұсталғандарды босатуды талап етті.
27 наурыздағы митингіге Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген екі ұйым –"Қазақстанның демократиялық партиясының" ("Демпартия") жетекшісі Жанболат Мамай мен Қазақстан соты экстремистік деп танып, Еуроодақ бейбіт ұйым деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ)қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов шақырған.
Сенбі күні полиция Нұр-Сұлтан мен Шымкентте бірнеше адамды "митингілер орнынан" ұстап әкеткен. Аумақтарды полиция қоршап, ары-бері өткен адамдарды тексерген.
Жанболат Мамай митингіге Қытай "экспансиясына" жол бермеу және несиені кешіру талабымен шығатынын айтқан. Кейінгі жылдары Қазақстанда Қытаймен ортақ жобаларға қарсы наразылық акциялары жиі өтіп келеді. Оған әдетте Қазақстан билігінің Қытай инвестициясын тарту бастамалары түрткі болады. 1 наурыз күні Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі 2023 жылға дейін Қытайдың қатысуымен 56 зауыт не кәсіпорын салынатынын, келісімнің жалпы құны 24,5 миллиард доллар екенін айтқан.
Мұхтар Әблязов Еуропарламент қарарындағы ескертулерді орындауды талап ететінін мәлімдеген. 11 ақпан күні қабылданған қарарада Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалын сынға алып, 20 талап қойған. Олардың арасында "құқық қорғаушы белсенділерді, діни ұйымдарды, азаматтық қоғам ұйымдары мен кәсіподақтарды, журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды саяси себеппен қудалауды тоқтату, жұрттың саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіруіне жағдай жасау, еркіндікті қамтамасыз ету үшін бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізу» және саяси тұтқындарды дереу босату талаптары бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікке наразылар емес, полицияның у-шуы қатты естілді