27 наурыз күні Шымкентте полиция митингіге келген екі адамды ұстап әкетіп, біреуін үйіне апарған, бір белсендіні үйінен шығармай қойған. Бейбіт жиын белгіленген жерлердің біріне төрт әйел келіп, билікке талабын айтты.
Митингіге шақырған екі ұйымның бірі ресми тіркеуден өтпеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" ұйымы Шымкенттегі "Отбасы аллеясына" жиналмақ болған. Бірақ жиын күні таңертең ұйымның Шымкенттегі жетекшісі Данияр Байтілеудің үйіне полиция келіп, оны үйінен шығармай қойған. Белсендінің өзі осы оқиғаның мән-жайын айтып Facebook желісінде тікелей эфирге шығып, наразылығын білдірді.
"Өз азаматтарын өзі қудалаған билікті, осыған жеткізген парламентте отырған өтірік сайланған депутаттардың бәрі отставкаға кетсін. Саяси реформаны талап етемін. Митинг жарияланған сайын келіп, маған шақырту қағазын береді де, [полиция бөліміне] "баруың керек" дейді. Ол қандай заң, кім шығарған заң? Осындай қысым көрсетіп жатыр" деді ол.
Азаттық тілшісі "Отбасы аллеясына" барғанда онда саны көп полицейдің жүргенін, бірақ олардың адамдарды ұстап жатқанын көрмеген. Белсенділердің бірі Әбдірахман Қасымбеков Азаттық тілшісіне аллеяға жетпей жатып ұсталғанын, сөйтіп үйіне жеткізіліп полиция бақылауында отырғанын хабарлады. Наразылық акциясы өтпеген.
"Демпартия" наразылыққа "Қытай экспансиясын" тоқтату және несиені кешіру талабымен шықпақ болған.
Митингіге Қазақстан соты экстремистік деп таныған, ал Еуроодақ бейбіт ұйым деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов та шақырған. Ол жақтастарын Еуропарламенттің қарарындағы ескертулердің орындауды талап етуге шақырған.
Әблязов жақтастарының жиыны Шымкенттегі Орталық саябаққа белгіленген. Азаттық тілшісі саябаққа барғанда полицияның бір адамды ұстап әкеткенін көрген.
Саябаққа келген төрт белсенді талабын айтып үлгерді. Солардың бірі Айжан Жолдасова "Қытай экспансиясына" қарсылық білдірді.
"Мен үкіметтің 56 қытай зауытын іске қосу туралы шешіміне қарсымын. Бізге қытай зауыттары керек емес, шетел жұмысшылары керек емес. Біздің студенттер, түлектер жұмыссыз жүр. Бізді білікті мамандар жеткілікті. Олар өнеркәсіпті көтере алады" деді ол.
Ол сондай-ақ саяси тұтқындарды босату мәселесін де көтерді.
"Саяси тұтқындарды босатуды талап етемін. Ербол Есхожинді, Асхат Жексебаевты, Диана Баймағамбетованы, Нұргүл Қабылованы, Қайрат Қылышевті босатуды талап етемін. 26 адам отыр. Үйқамақта отырған адамдарды босатуды талап етемін. Еуропарламенттің 11 ақпандағы резолюциясы мен Қазақстанға айтқан ұсыныстарын орындауды талап етемін" деді Айжан Жолдасова.
Митингіге келгендердің бірі Әзия Әбиева да Қазақстанда Қытай зауыттарын салуға қарсылық білдірді.
"Бізге Қытай зауытының қажеті жоқ. Қазақстанның байлығы да, халқы да жетеді" деді ол.
Кейінгі жылдары Қазақстанда Қытаймен ортақ жобаларға қарсы наразылық акциялары жиі өтіп келеді. Оған әдетте Қазақстан билігінің Қытай инвестициясын тарту бастамалары түрткі болады. 1 наурыз күні Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі 2023 жылға дейін Қытайдың қатысуымен 56 зауыт не кәсіпорын салынатынын, келісімнің жалпы құны 24,5 миллиард доллар екенін айтқан.
Наразылық акциясы барысында белсенді төрт әйелдің қатарына бір ер кісі қосылды. Бірақ көп ұзамай жаңбыр жауып, олардың бәрі тарап кетті.
- Митинг Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қаласы мен облыс орталықтарында да белгіленген. Нұр-Сұлтанда бейбіт жиын белгіленген цирк ғимаратының алды толықтай қоршалып, полиция наразылық білдіруге келген кемі төрт азаматты ұстап әкетті. Полиция адамдардың жиналуына мүмкіндік бермеді.
- Алматыда "Демпартия" жиынына 300-ге жуық адам келді. Митинг күні полиция кемі жеті адамды ұстап әкетті.