Алматыда 21 наурыздан күшінде тұрған карантин шектеулері 12 сәуірге дейін ұзартылды. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысында осылай делінген.
10 пунктіден тұратын шектеулердің басым бөлігі діни рәсім мен жерлеу салтына қатысты. 29 наурыздан 12 сәуірге дейін күшінде болатын жаңа ережеге сәйкес:
- Топтасып мінәжат жасауға тыйым салынады;
- Мұсылмандар ауыз бекітетін Рамазан айында топтасып ауызашар өткізуге тыйым салынады, тек бір отбасы мүшелерінің ауызашарға жиналуына рұқсат;
- Жеке-дара мінәжат етуге рұқсат етіледі. Тек құлшылық ететін орындарға келгендер арасындағы қашықтық 1,5 метр, ал дін өкілдері мен келушілер арасындағы қашықтық 2,5 метр болуы керек. Құлшылық ететін орындарда бұл үшін арнайы белгілер сызылуы тиіс;
- Жерлеу рәсіміне марқұмның жақын туыстары ғана қатысуы керек, рәсімге баратын адам саны 10-нан аспауы тиіс. Бас санитар дәрігер «мәйітті жуу» процедурасын мәйітханада жүргізуге, ал жаназаны «сырттай оқуға» кеңес береді әрі бұл рәсімдерге қарт адамдардың баруын шектеуді ұсынады;
- Алматы қаласының әкімшілігі діни нысандардың бұл ережелерді орындап жатқанын бақылау үшін күнделікті мониторинг жүргізіп отырмақ.
Бұған қоса, бас санитар дәрігер оқушылар мен студенттерді қашықтан оқу форматына көшіруді тапсырды, мектептің 1-5 және 9-11 сыныптарында бала саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптар ашуға ғана рұқсат берді.
Алматыда карантин енгізу туралы бас санитар дәрігердің алғашқы қаулысы 20 наурызда жарық көрген. Сол құжат негізінде қаладағы кәсіпкерлік нысандарының жұмысына тыйым салынды не шектеу қойылды.
26 наурызда Алматыда коронавирустың «британдық» және «оңтүстікафрикалық» деген жаңа штамдардікіне ұқсас мутациясы табылды деген мәлімет айтылды. Бұлар адамға жылдам жұғады деген болжам бар.
Бұған қоса Алматы билігі бір тәулікте ауырғандар 500-ден асса қатаң карантин енгізетінін ескерткен.
27 наурызда Алматыда 510 науқас тіркелді.