Мьянмада тағы қантөгіс болып, 100-ден астам адам өлді

Мьянма, Янгон. 10 наурыз, 2021 жыл.

Мьянманың қауіпсіздік күштері 27 наурызда әскери билікке қарсы шыққан 100-ден астам адамды өлтірді. Бұл – азаматтық билікті құлатып, билік басына әскерилер келгелі бергі ең қанды күн.

Myanmar Now онлайн ақпарат сайтының 27 наурызда кешкісін жариялаған ақпараты бойынша, бір тәулікте болған оқиғалардан кемінде 114 адам қаза тапқан. Рангундағы тәуелсіз зерттеу ұйымы 20 шақты қаладан жиналған мәлімет негізінде 107 адам опат болғанын хабарласа, елдегі саяси тұтқындар қауымдастығы 91 адамның мерт болғанын айтты.

ӘЛЕМНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

АҚШ, Еуроодақ пен Британия және Біріккен Ұлттар Ұйымы 27 наурыздағы қантөгісты қатаң айыптады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "Мьянманың қауіпсіздік күштері жасаған қантөгістен үрейленгенін" айтты және әскердің "бірнеше адамға қызмет ету үшін адам өмірін қиюға әзір екенін" дәлелдеді деді.



"Мьянманың батыр халқы әскердің террордың көмегімен ел билеуіне қарсылық білдірді" деді Блинкен.

Еуропа одағың Мьянмадағы делегациясы елде атап өтілген қарулы күштер күнін "террор мен ұят күні" деп атады. Ал Британияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб мұны Мьянмадағы әскери хунтаның "құлдилаған" күні деп сипаттады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы "жантүршіктірер қантөгіс" кезінде "ондаған адамның өлтірілгені" туралы мәлімет алғанын хабарлады. Ұйымның дерегі бойынша, бұл күні елдің кемінде 40 қаласында жүздеге адам жарақат алған, сақшылар адамдарды жаппай тұтқындаған.



БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш "қауіпсіздік күштерінің ондаған бейбіт адамды, соның ішіне балалар мен жастарды өлтіргенін өте қатаң айыптаймын" деді.

"Толассыз әскери жаныштауға төзуге болмайды, және бұл бірлескен, қатаң әрі батыл халықаралық реакцияны қажет етеді" деді БҰҰ бас хатшысы.

ӘСКЕРИ ПАРАДҚА РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚАТЫСТЫ

1 ақпандағы төңкерістен бері болып жатқан наразылықты хунта аяусыз басып тастап келеді. Соңғы оқиғалардан соң елде үкіметке қарсы шерулерде қаза тапқандар саны 400-ден асты. 2600-ге жуық адам тұтқындалған.

Билікті ұстап отырған генерал Мин Аун Хлайн қарулы күштер күні сөйлеген сөзінде әскери төңкерістің дұрыстығын айтты және жаңа сайлаудан соң жеңген адамға билікті тапсыруға уәде етті.

Дегенмен хунта басшысы төңкеріске қарсы шеруді «елдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін терроризм» деп атады және мұндайға жол бермейтінін ескертті.

Қарулы күштер күні Мьянма Екінші дүниежүзілік соғыста Жапония оккупациясында болған кезді еске алады.

Мерекеге орай өткен әскери парадқа сегіз халықаралық делегация, соның ішінде Қытай мен Ресейдің өкілдері қатысқаны хабарланды. Мьянманың мемлекеттік телеарналары көрсеткен хабарға қарағанда, көрермендер арасында Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин болған.

Мьянманың әскери басшысы генерал Мин Аун Хлайн (оң жақта) Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фоминге медаль беріп тұр. Нейпьидо, Мьянма. 26 наурыз, 2021 жыл.

МЬЯНМАДАҒЫ ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРІС

1 ақпан күні Мьянма әскері билікті басып алып, елдің де-факто лидері Аун Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді қамауға алған. Төңкерістен кейін билік әскер басшысы генерал Мин Аун Хлайнға өтті.

Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауы әділетсіз өтті дейді. Ол сайлауда Аун Сан Су Чжидің Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз атанған.

Осыдан кейін ел тұрғындары жаппай наразылыққа шығып, әскер билігіне қарсылық білдірді. Олар Аун Сан Су Чжиді босатып, демократиялық тәртіпті қалпына келтіруді талап етеді.

Ақпанның соңында әскерилер наразыларға суық қару қолдана бастады. 27-28 ақпан күндері өткен наразылық акцияларында полициямен қақтығыста 18 адам қаза тауып, отыздан астам кісі жарақат алды. Полиция шерушілерді тарату үшін резеңке оқ пен жас ағызатын газ қолданды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әскерилер халықты басып-жаншып жатыр, жағдай ушығып барады