Ресейдің Владимир облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері колонияға барып, арқасы мен аяғы ауырғанын айтып шағынған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныймен тілдесті.
Комиссия төрағасы Вячеслав Куликовтың айтуынша, Навальный олардан ауруды басатын "Диклофенак" дәрісін алуға көмектесуді өтінген. Саясаткердің бұдан басқа өтініші болмаған.
Комиссия Навальныйдың сұранысы колонияның медицина бөлімінде тіркелгенін, дәрігерлерге бұл жөнінде өтініш айтқандарын хабарлады.
26 наурызда Алексей Навальный денесі қатты ауыратынын, бұған қатысты лайықты медициналық көмек алып отырмағанын айтты. Навальныйдың өз атынан жазылған пост оның Instagram парақшасында жарық көрді. Жазбаны әріптестері оның рұқсатымен жарияласа керек. Ресейдің жазаны өтеу жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдың жағдайы жаман емес деді.
2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылғы қылмыстық іс бойынша алған шартты жазасын түрме жазасымен алмастырған. Сот үкімі бойынша, саясаткер шамамен 2,5 жыл қамауда болады. Ол Мәскеуден 110 шақырым жердегі Покров қаласындағы №2 колонияда қамауда отыр.
2020 жылдың тамызында Алексей Навальный Ресейде уланып, екі күннен соң Берлиндегі клиникаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Еуропадағы бірқатар сарапшылар оппозиционердің ағзасынан қауіпті "Новичок" қалдықтарын тапқан. Ресей билігі саясаткердің уланғанын жоққа шығарады.
17 қаңтарда Навальный Ресейге орала салысымен әуежайда ұсталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ішкиім улаушы Путин". Навальныйды түрме жазасына кескен сот қалай өтті?