БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанның сотының 2013 жылы "Правдивая газета" басылымын жапқан шешімін заңсыз деп тапты. Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушы Гүлмира Біржанова хабарлады.
"Правдивая газета" басылымын марқұм журналист Розлана Таукина шығарған еді.
Біржанованың айтуынша, шағым комитетке 2015 жылы жіберілген, ал шешім биыл 25 наурызда шыққан.
- Біз шағымды бірге жаздық. Әдетте БҰҰ-да шағымдар жеті-сегіз жылдай қаралады. Бірақ БҰҰ өкілімен кездесу кезіне автордың көзі жоқтығын айтып, барынша тездетуді сұраған едік. БҰҰ комитеті "Правдивая газета" басылымына қатысты соттың айыптарын, санкциясын, газетті шығаруды тоқтату туралы шешімін негізсіз деп таныды. Комитет Қазақстанды авторға өтемақы төлеп, сот шығындары мен әкімшілік айыппұлдарын қайтаруды, газетті жабу туралы шешімді қайта қарауға шақырған. Мемлекеттің мұндай заң бұзушылыққа жол бермеуі керектігін ескерткен, - дейді Гүлмира Біржанова.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "БҰҰ комитеті қолдады, ал Қазақстан аяқсыз қалдырды". 38 шешімнің жайыРозлана Таукина редакторы және құрылтайшысы болған "Правдивая газеті" 2013 жылдың сәуірінен бастап жарық көрген. Бірақ газет шыға сала Алматыдағы әкімшілік сот "газеттің шығу мерзімі туралы мәлімет нақты емес" деген айыппен 200 доллар айыппұл салып, 1200 данасын тәркілеген. 2013 жылы тамызда әкімшілік сот "шығу деректері көпе-көрінеу бұрмаланып көрсетілген басылымды шығарды және таратты" деген айыппен газет қызметін үш ай мерзімге тоқтату туралы шешім шығарған.
Сот 2013 жылы желтоқсанда "газетті уақытша тыйым салу мерзімі аяқталғанға екі күн қалғанда, әрі басылымның шыққан күнін дұрыс көрсетпей шығарған" деген айыппен газет иесіне ірі мөлшерде айыппұл (500 долларға жуық) салып, газет қызметін және үш айға тоқтатты.
Осы үш әкімшілік айыптан соң сот 2014 жылдың басында газеттің шығуына біржола тыйым салды. Қалалық соттың шешімін Жоғарғы сот та қолдаған.
Қазақстанда әр жылдары бірқатар оппозициялық басылым сот шешімімен жабылып қалды, олардың кейбірінің қызметін сот "экстремистік" деп таныды.
“Правдивая газетаны” шығарған журналист Розлана Таукина 2019 жылы 60 жасында ауруханада қайтыс болды.
Кейінгі он жылда БҰҰ комитеттері 40-қа жуық қазақстандықтың өз елінде әділетсіз сотталғанын анықтап, оларды ақтайтын шешім шығарған. Бірақ Қазақстан билігі халықаралық нормаларға қол қойғанымен әдетте БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті шығарған мұндай шешімдердің көбін орындамайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тихонов vs Қазақстан билігі. БҰҰ-да жеңіске жеткен журналист