Алматыда "Халық арена" спорт кешеніне коронавирус жұқтырған науқастарды жатқыза бастады. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Халық Аренаны қайтадан іске қосты. Ол жаққа жағдайы орташа ауыр науқастар жеткізіліп жатыр. [Сәрсенбі күні] таңертең 18 адам болды. Коронавируспен күрес аясында осындай шешім қабылданды" деді басқарма өкілдері.
Кешенде 1000 адамға төсек орын әзірленген. Ғимараттың медициналық құралдармен жабдықталғаны да айтылады.
Алматы қаласы қазір коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұр. Мұнда қатарынан екі күнде 500-ден астам науқас тіркеліп жатыр. Елдегі ең ірі қала науқастар саны жөнінен республикада алда тұр.