"Азғындық", "құбыжық құбылыс". Бекболат Тілеухан феминистер шеруі мен ЛГБТ туралы айтты

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.

31 наурызда мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан наурыздың басында Алматыда өткен феминистер шеруін сынап, онда халықтың "дүниетанымы мен болмысына жат дүниелер" мен "тыйым салынған экстремистік ұйым лозунгтары көтерілгенін" айтты.

Ол үкіметке жолдаған сауалында шеруге келгендердің "әйелдер құқығын қорғау үшін" емес, "қазақ халқының дәстүрін құнсыздандыруды көздейтіндей" әсер қалдырғанын айтты. "Бізде "Қызға қырық үйден тыйым" деген сөз бар, ал олар "менің жатырым – менің ережем" дейді" деді шеруде көтерілген лозунгтардың бірінен мысал келтірген депутат.

"Шеруге шыққандардың Алматы қаласы әкімдігіне берген өтінімде көрсетілген сұрақтардан басқа дүниетанымымызға, болмысымызға жат дүниелерді көтергені, тіпті Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың ("Көше партиясын" айтып отыр, оны Қазақстан соты "экстремистік" дегенмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған – ред.) лозунгтарын көтергендердің болғанын байқап отырмыз. Бұл шеру бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрініс алады. Алайда шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Белсенділердің сөйлеген сөздері бүкіл әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр. Ол видеоларды біздің балаларымыз да көреді. Бұл баршамыздың рухани құндылықтарымызға жасалған шабуыл деп түсінеміз" делінген Тілеуханның депутаттық сауалында.

Ол осы шерудің "заң талаптарына сай болған-болмағанын" анықтауды сұрады. Бұған қоса, "жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан" сақтайтын заң нормаларын парламентке енгізуді қарастыруды өтінген.

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні Алматыда феминистік қозғалыс белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізген. Онда әйелдердің жиі зорлық-зомбылық құрбаны болатыны, біржыныстылардың құқықтары қорғалмайтыны, әйелдердің білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері көтерілген. Бұл шара әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Шеруден кейін оған қатысқан белсенділердің біріне қоқан-лоқы жасалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Oyan, Qazaqstan белсендісі феминистік шеруден кейін қоқан-лоқыға шағымданды

Құқық қорғаушылар Қазақстанда біржыныстылардың құқықтары қорғалмайтынын, олардың қоғамда еркін өмір сүре алмайтынын жиі айтып, сынайды.