Дау тудырған үш әріп. "Қытайдан келген флакондар" вакцина емес, бос ыдыс болып шықты

Көрнекі сурет

Қытай дипломаты әуелде Қазақстанға "үш миллион флакон вакцина" келгенін айтты. Артынша Қазақстанның денсаулық министрі мұны жоққа шығарды. Ал жергілікті ақпарат құралдары жаңалықты едел-жедел өзгертті.

Қазақстандағы үш басылым орыс тілінде жариялаған Қытай елшісімен сұхбат мәтініне маңызды бір сөз кейіннен қосылды. Ол – үш әріптен тұратын "для" деген сөз. "Арналған" деген мағына беретін бұл сөздің болмауы көп дау туғызды.

"ҚЫТАЙ ВАКЦИНАСЫ КЕЛДІ МЕ?"

"Әзірлеп, сынақтан өткізіп болған вакцинасын қолжетімді етуге, оны дамушы елдерге оңай жеткізуге әлемде алғаш болып уәде берген ел – Қытай. Осы күні Қытай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирусқа қарсы вакцинаны тарату жоспарына (COVAX) қосылған. Жақында Қазақстанға Қытайдан вакцинаның 3 миллион флаконы жеткізілді" деп мәлімдеді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Қытайдың экономикадағы жетістіктері және "Бір белдеу – бір жол" жобасы туралы сұхбатты "Деловой Казахстан" басылымы, Kazakhstan Today агенттігі және "Стратегия 2050" порталы наурыздың 20-ларында жариялады. Тек тақырыптары өзгеше демесең, үш ақпарат құралында жарық көрген материалдар бірдей, сұрақтар да, жауаптар да айна-қатесіз қайталанады.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде. Нұр-Сұлтан, 28 тамыз, 2019 жыл.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина егу науқаны өте баяу жүріп жатыр, ал індет болса соңғы күндері өршіп барады. Елде қазір тек Ресейдің "Спутник V" вакцинасын егіп жатыр. Сондықтан журналистерді "шынымен Қытайдан вакцина келді ме?" деген сауал қызықтырды.

30 наурызда үкімет өкілдеріне сұрақ қоюға мүмкіндік туды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысқан брифингте Азаттық радиосының тілшісі "Қазақстанға Қытай вакцинасы келгені рас па?" деп сұрады.

Министр мен оның орынбасары Ажар Ғиният бір-біріне таң қала көз тастап бірер уақыт үнсіз отырып қалды. Содан соң Цой:

– Өкінішке қарай, қазір ондай ақпарат жоқ. Біз ресми түрде ешқандай ескерту алған жоқпыз, – деп жауап берді.

Министр Қытай вакцинасын сатып алу жөнінде келісім-шартқа қол қоймағанын, қазір бірнеше өндірушімен, соның ішінде қытайлық Sinovac екпесін шығарушылармен "келіссөз процесі" жүріп жатқанын айтты. "Компаниялар Қазақстан аумағына вакцинаны қашан әкеледі, оның көлемі қандай болады, бұл бойынша нақты мәлімет жоқ" деді министр.

Азаттық Қазақстанға жөнелтілген "вакцина флакондарының" жайын, олардың қайда тұрғанын білмек болып Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне сауалдар жіберді. Бірақ жауап әлі келген жоқ.

"ВАКЦИНА ҚҰЙЫЛҒАН" ЕМЕС, "ВАКЦИНАҒА АРНАЛҒАН" ФЛАКОН

Дегенмен әлгі "үш миллион флаконның" не екені кейін белгілі болды. 31 наурызда үкімет жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі брифинг болатыны туралы хабарландыру жіберді, хабарландыру шара өтерден екі сағаттай бұрын ғана тарады (шұғыл мәселе болмаса, әдетте брифинг туралы хабарлама бір тәулік бұрын не одан да ерте жіберіледі). Жиын тақырыбы – қазақстандық Qazcovid-in вакцинасы.

Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Зәкария бұл мекеменің Шанхайдан үш миллион бос флакон сатып алғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл шыны ыдыстарға Қазақстанда өндірілетін коронавирус екпесі құйылады. Бұл вакцинаны өнеркәсіп деңгейінде өндіру әлі басталған жоқ.

Флакондар Қазақстанға наурыздың ортасында теміржолмен жеткізілген, қазір институтта оларды жуып, стерильдеп жатыр. Зәкарияның айтуынша, бұл – "өте қат тауар", сондықтан оны алу қиынға соққан, бұл процеске тіпті үкіметтің өзі араласқан. Ыдыстарды сатып алуға қанша ақша кеткені айтылмады, ҒЗИ директоры бұл мәліметті кейін жазбаша жіберуге уәде берді.

Қазақстан инактивтендірілген бір компонентті вакцинаның 2 миллион дозасын шығаруды жоспарлап отырса, үш миллион флакон не үшін керек? Журналистер спикерден осы жайтты сұрады.

– Шыны ыдыс осал болады. Әрине, шытынаған, сызат түскен флакондар болады, оларға вакцина құюға болмайды. Оның үстіне вакцинаның біраз дозасын өзімізде сақтауымыз керек. Бұл – бақылаудан өтетін алғашқы партия, вакцина ыдысқа құйылып, биохимиялық тексерудің үлкен кезеңінен өтеді. Сондықтан мұндай жүкті міндетті түрде артығымен алады, – деді бас директор сәрсенбі күні берген жауабында.

ҮШ ӘРІП

Чжан Сяомен сұхбат жариялаған ақпарат құралдары мәтінге осы күні өзгеріс енгізді. Алдымен "Деловой Казахстан" мен "Стратегия 2050" орыс тіліндегі "флаконов вакцины" тіркесінің ортасына "для" (арналған) деген сөзді қосты. Сөйтіп "Жақында Қазақстанға Қытайдан вакцинаға арналған 3 млн флакон жеткізілді" деген сөйлем шықты. Елшінің сөзі қате жазылды ма, әлде материал дайындау барысында қате кетті ме? Осы сұраққа жауап алмақ болып, Азаттық тілшісі ақпарат құралдарының редакцияларына электронды хат жазып жіберді. Олардан әзірге жауап болған жоқ.

"Деловой Казахстан" басылымы вебсайтындағы сұхбаттың скриншоты. Мұнда Қытайдың Қазақстандағы елшісі "үш миллион флакон" вакцинаның жеткізілгенін айтады.

Kazakhstan Today сайтында ескі мәтін сәрсенбінің кешіне дейін тұрды. Бас редактор Тимур Куватов 31 наурызда Азаттыққа сұхбатында дәйексөздің нақты мағынасына байланысты елшіліктен жауап күтіп отырғанын айтты.

— Мұндай мәселе бар екенін, қателік пе, жаңсақтық па, бірдеңе болуы мүмкін екенін білеміз. Қазір бұл сөздің нақты мағынасын елшіліктен анықтауға тырысып жатырмыз. Біз тек ақпаратты таратушымыз. Басқа ештеңе айта алмаймын, — деді Куватов. Оның айтуынша, сұхбат ауызша емес, жазбаша формада берілген.

Кейін Kazakhstan Today де екі сөздің арасына "для" деген үстеуді қосты. Бейсенбі күні Азаттыққа берген сұхбатында Куватов Қытай елшілігі "техникалық қате" жібергенін, оған агенттіктің қатысы жоғын айтты.

"Қазақстанға Қытайдан вакцинаның 3 млн флаконы жеткізілді" деген мәтіннің алғашқы нұсқасы Қытай елшілігінің сайтында ғана сол қалпы тұр. Сайт сұхбатты 26 наурызда жариялаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өте баяу. Бұл қарқынмен екпе салуға көп жыл керек". Қазақстандағы вакцина науқаны сынға ұшырады