Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен дәлелденген 2 122 науқас тіркелді. Бұл – індет басталғалы бергі ең үлкен көрсеткіш.
Вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша Алматы алда келеді. Онда Covid-пен 647 науқас тіркелген. Ел астанасы – Нұр-Сұлтанда жұма күні 438 адамға коронавирус жұққаны расталған.
Аймақтар арасында Алматы облысы бірінші орында тұр, мұнда диагнозы зертханда расталған 259 адам тіркелді. Ең соңғы орында – Түркістан облысы, бұл аймақта 16 науқас қосылған.
Денсаулық сақтау министрлігі бейсенбіде ПТР тесті кері нәтиже көрсетсе де, өздері "коронавирусқа ұқсас пневмониямен" ауырған 70 науқас тіркелгенін хабарлады. Былтыр жазда Қазақстанда өкпесі қабынғандар саны күрт артқан тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны коронавирус таралуының салдары деп атап, қысым жасаған соң ғана денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бастап мұндай науқастарды бөлек есептей бастаған. Дегенмен, "пневмония" қатты өршіген маусым-шілденің дерегі статистикаға енбеді.
Министрлік "коронавирусқа ұқсас пневмониямен" ауырғандар дерегін бір күн кешіктіріп шығарады, бұл екі статистиканы қосып есептеуде қиындық туғызады.
Оның үстіне, министрлік Covid диагнозы зертханада расталғандар мен "соған ұқсас пневмонияға" шалдыққандар дерегін бөлек санайды. Ресми дерек бойынша, былтырғы наурыздан бері елде коронавирус жұқтырған 251 053 адам тіркелген, 3 085 кісі осы дерттен көз жұмған. Тамыздан бері 50 765 адам "пневмонияға" шалдығып, 696 науқас қайтыс болды.
Қазақстанның екі бөлек дерегін қосып есептеген америкалық Джонс Хопкинс университетінің тұжырымы бойынша, елде 299 мыңнан астам адам Covid дертіне шалдыққан. Әлемде 130 миллиондай адам коронавирус жұқтырып, 3,8 миллионы осы аурудан көз жұмды.