Түркіменстан манаты құнсызданып барады. Валюта бағамы қаңтардан бері 50 пайызға төмендеген

Түркіменстан манаты мен АҚШ доллары.

Түркіменстанның онсыз да әлсіз валютасы одан әрі құнсызданып, "қара базарда" 1 доллардың құны 40 манатқа жетті. Валюта бағамы қаңтар айынан бері 50 пайызға төмендеген.

Қаңтардың орта тұсында "қара базарда" 1 доллар 27-28 манат шамасында тұрған. Түркіменстан манаты содан бері әлсіреп келеді. Мұның бір себебі ретінде Түркияда жүрген түркімен мигранттары жіберетін ақша көлемінің азаюын айтады. Орталық Азия елдерінің шетелде жұмыс істейтін азаматтары әдетте табысының бір бөлігін елінде қалған туыстарына жіберіп тұрады. Сонымен қатар, Түркіменстан-Иран шекарасының ашылуы да бір фактор ретінде аталып жүр. Шекара ашылған соң балаларын шетелде оқытатын түркімендер доллар сатып ала бастаған.

Кейінгі екі аптада Түркіменстанның ұлттық валютасы – манаттың құнсыздануы күрт күшейіп, 3 сәуірде долларға шаққандағы бағамы 40 манатқа жетті. 20 наурызда 1 доллар 30-31 манат шамасында тұрса, 2 сәуірге қарай 38,5 манат шамасында болған.

Елдің орталық банкі 2015 жылы валютаның долларға шаққандағы бағамын 3,5 манат шамасында бекітіп, содан бері өзгерткен жоқ.

Қазба байлықтарынан түскен табысқа сүйенетін Түркіменстан экономикасы кейінгі жылдары әлемдік нарықта табиғи газ бағасының төмендеуі салдарынан құлдырап келеді. Түркіменстан барланған газдың көлемі бойынша көш басындағы елдердің қатарына кіреді.

Манаттың құнсыздануы 2020 жылы наурызда басталған. Түркімен газының ең ірі сатып алушысы Қытай импортты күрт азайтып, газ бағасының әлем бойынша төмендеуіне әкелді. Осыдан кейін Ашғабад шетел валютасының құнын қатаң бақылай бастады. Орталық банк елде жұмыс істейтін шетелдік компанияларды қызметкерлерінің жалақысын манатпен беруге міндеттеді.

Өткен айда ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов үкіметке "манатта сақталған қаражатты шетел валютасына ауыстыруда нормативтік актілердің орындалуын қатаң бағалауды" тапсырды.

Түркіменстан билігі айқын дәлелдерге қарамастан елде коронавирус инфекциясының барын мойындамай келеді.