6 сәуір күнгі ақпарат бойынша, Қазақстанда 266 816 адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасы салынған. Сәуір айында вакцинаның тағы 2 млн дозасы аймақтар мен республикалық маңызы бар қалаларға жеткізіледі. Бұл халықтың 23,4 пайызын вакциналауға мүмкіндік береді. Сейсенбі күні үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.
– Үкімет жетекшісінің тапсырмасымен және қазіргі эпидемиологиялық ахуалды есепке ала отырып, сәуірде Нұр-Сұлтанға – 284 мың, Алматыға – 464 мың, Шымкентке – 172 мың, Алматы облысына – 232 мың, Қарағанды облысына 217 мыңға дейін доза жеткізіледі, - деді Цой.
Оның сөзіне қарағанда, алғашқы алты айда 6 млн-ға дейін доза жеткізіледі. Бұл халықтың 64 пайызына екпе егуге мүмкіндік береді. Вакциналау ауқымын кеңейту мақсатында адам көп жиналатын орындарда жылжымалы екпе пунктері ашылады.
Қазір елде екпе егетін 639 кабинет істеп тұр. 9 мыңнан астам медицина қызметкері тренингтен өткен.
Тұрғындарға ресейлік "Sputnik V" вакцинасы салынып жатыр. Ал Қазақстандық QazCOVID-in вакцинасының үшінші сынағы шілдеде аяқталмақ.
Сейсенбі күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде вирустың күшеюін Қазақстанға Оңтүстік Африка және британ штамдарының келуімен түсіндіріп, олардың былтырғы штамға қарағанда тез жұғатынын атап өтті. Қазір күніне 2 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Республика бойынша, орташа есеппен ауруханалар – 36 пайызға, реанимациялар 22 пайызға толы. Бұл көрсеткіш жағынан Алматы, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан облысы алда тұр.
Үкімет мәліметінше, 18,8 млн халықтың 10 миллионы екпе ала алады. Билік вакциналауды қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр. Сол кезде ұжымдық иммунитет те қалыптасуы тиіс деп санайды.
Қарай отырыңыз: Алматыда үш күн бұрын қарқынды көрінген екпе науқаны бәсеңдеп қалды (5 сәуір 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5