Қазақстан Жоғарғы сотының жемқорлық ісі бойынша ұсталған судьясы қамауға алынды. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтанның тергеу соты хабарлады. Судья "ірі көлемде ақша алды" деген күдікпен ақпан айында ұсталған, арада екі айдай уақыт өткенде ғана оны қамау туралы шешім шықты.
Жұма күні тараған хабарламада "2021 жылғы 9 сәуірде Нұр-Сұлтан қалалық ауданаралық мамандандырылған соты Ж.-ны қамауға алу жөнінде шешім шығарды" делінген.
Қамауға алынғанға дейін күдіктінің қайда болғаны туралы ештеңе айтылмады.
11 ақпанда Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Түркістан облысының бір ауданындағы судьяны басқа сотқа ауыстыруға көмектескені үшін пара алғаны хабарланды. Жоғарғы соттың мәліметі бойынша, жемқорлықпен күрес қызметі мен Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі "бірлесіп өткізген" шара кезінде пара алушы мен пара беруші қолға түскен.
Қамауға алынғандардың аты-жөні аталмайды, тергеу сотының хабарламасында судья фамилиясының алғашқы әрпі ғана келтіріледі.
Халықаралық Transparency International ұйымы биыл қаңтарда жасаған "Жемқорлық индексінде" Қазақстан жемқорлық жайлаған елдер тізімінде аталған. Қазақстан бұл рейтингте Бразилия, Эфиопия, Перу, Сербия, Шри-Ланка, Суринам және Танзаниямен бірге 94-орында тұр. Рейтингке барлығы 180 ел кірген.