Украина шығысындағы жанжал ушығып кетсе немесе колонияда жатқан оппозиционер Алексей Навальныйдың халі нашарласа Ресейге салынған санкцияларды күшейту керек дейді Еуропа халық партиясының төрағасы Манфред Вебер Funke медиа тобына берген сұхбатында.
Еуропа парламентіндегі жетекші партияның төрағасы Мәскеудің арандату қимылдарын жасап отырғанын айтады. Оның сөзінше, Ресей әскерін Украина шекарасына жақын жерге жіберу Батысқа сынақ болып отыр. Саясаткер жаңа санкциялар аясында Ресей олигархтарының қаражаты бұғатталып, Ресейдің SWIFT банк жүйесінен шеттетілуі мүмкін екенін айтты. Бұл Ресей газын Балтық теңізі арқылы Германияға жеткізетін "Солтүстік ағыс-2" газ құбырының құрылысын қиындатуы ықтимал.
Осыған дейін Bloomberg агенттігі Вашингтонның Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағы адамдарға санкция салуды қарастырып отырғанын хабарлаған. Басылымдардың жазуынша, АҚШ билігі Ресейдің бірқатар дипломатын қайтаруы да мүмкін. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің қарымта жасайтынын айтты.
Донбасстағы жанжал наурызда қайта ушыққан. Түрлі хабарға қарағанда, Ресей әскері Украина шекарасына жақын жерлерге шоғырлана бастаған. Мәскеу бұл әскердің ешкімге қауіп төндірмейтінін айтады. Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлескен Владимир Путин Мәскеудің бұл қадамға өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина мен Ресей арасы не болып жатыр? 6 сұраққа жауап