Экологтардың қарсылығына қарамастан Жапония билігі Фукусима атом электр станциясындағы өңделген радиоактивті суды мұхитқа құю туралы шешім қабылдады. Жапония премьер-министрі Есихидэ Суга 13 сәуір күнгі үкімет отырысында қалдық суды мұхитқа төгу атом электр станциясын істен шығарудың ең оңтайлы жолы деп мәлімдеді. Оның айтуынша, процесс барысында су деңгейі ескеріледі.
2011 жылы күшті жер сілкінісі мен содан туындаған цунамидің салдарынан атом электр станциясында ірі апат болып, содан бері станция қоймасындағы су мөлшері 1,25 млн тоннаға жеткен. Токио электр станциясы операторы үш реакторды судың көмегімен салқындатып келеді.
Оператор екі жылдан кейін мұхитқа су төге бастайды, бұл процесс ондаған жылға созылуы мүмкін. Токио электр станциясы мен үкіметтің айтуынша, су мұхитқа төгілер алдында сүзіліп, радиоактивті элементтерден тазартылады. Бірақ су құрамында тритий элементі қала береді, мамандар оның кішігірім көлемі аса қауіпті емес екенін айтады.
МАГАТЭ суды мұхитқа төгу туралы шешімді құптап, оны атом электр станциясын қалдық судан тазарту процесіне ұқсатып, мұндай құбылыс әлемнің кез келген бөлігінде жүріп жатқанын алға тартты. Көптеген жапон азаматтары қалдық суды мұхитқа төгуге қарсы шыққан. Қытай мен Оңтүстік Корея оқиғаға алаңдаушылық білдірді.