Нұр-Сұлтанның №2 Сарыарқа аудандық сотында тағы бір азаматтық белсенді Ербол Есхожинге қатысты онлайн режимде сот процесі басталды.
44 жастағы Ербол Есхожин 2020 жылдың 22 желтоқсанынан бері қамауда отыр. Оған басында "заңмен тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" (мәселе "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жөнінде болып отыр, Нұр-Сұлтан соты оны "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) деген айып тағылды. Бірақ былтыр желтоқсанда Еуразия университетінің студенті, саясаттанушы мамандығына оқитын сарапшының қорытындысынан кейін "экстремистік ұйымды құрды" деген айыппен алмастырылған.
Сәрсенбі күні онлайн өткен сот процесінде Есхожиннің адвокаты Гүлшат Дүйсенова соттан айыптау актісінде тағылған айыпты негіздейтін дәлел жоғын алға тартып, оны кері қайтаруды, сарапшының сараптамасын істен алып тастауды және бұлтартпас шарасын үйқамаққа ауыстыруды өтінді.
– Есхожиннің қамауда болу мерзімі 22 наурызда аяқталды. Бірақ оны осы уақытқа дейін қандай негізде ұстап отырғаны белгісіз. Ол іспен де танысқан жоқ. Соттың уақыты созылып кетеді деп ойлап, "таныстым" деп қол қоюға мәжбүр болды. Маған онымен жолығуға, кінәсіздігін дәлелдейтін мәліметтерді ақылдасуға рұқсат берілмеді. Оған саяси астары бар іс тағылып отырғандықтан онымен қорғау туралы телефон арқылы сөйлесе алмаймын. Сондықтан істі офлайн өткізіп, қорғауымдағы Есхожинмен бірге отырып сотқа қатысуға мүмкіндік беруді сұраймын, - деді ол сотта.
Бірақ оған іске қатысып отырған Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Мөлдір Жансүгірова қарсы болды. Ол "Есхожиннің тергеу орнынан жасырынып қалу қаупі бар" екенін көлденең тартып, бұлтартпас шарасын өзгертпеуді сұрады.
Судья Сабыржан Кәрімов сотты офлайн өткізуге індет бөгет болып отырғанын көлденең тартып, қалған өтініштерді кеңесу бөлмесінде қарайтынын хабарлады.
Сот отырысында адвокат тергеу изоляторында Есхожинді бірнеше рет арандату талпынысы болғанын жеткізді. Оның сөзінше, Есхожин отырған камераға ВИЧ жұқтырған сотталушыны кіргізіп, "психологиялық қысым" жасалған.
– Бұдан бөлек, Ербол Есхожин осы тергеу изоляторында қаза болған Дулат Ағаділдің жақын серіктесі екенін біле тұра, оның баласы Жанболат Ағаділдің өліміне қатысы бар деген күдіктіні де онымен бір камераға отырғызған. Бұның Есхожин үшін ауыр психологиялық соққы екені белгілі. Яғни, оны тағы бір әрекетке итермелеуге тырысқан, - деді адвокат Гүлшат Дүйсенова.
Судья Сабыржан Кәрімов сот отырысының 28 сәуірде жалғасатынын хабарлады.
Ербол Есхожин 2019 жылдан бері елдегі әлеуметтік мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Ол содан бері "заңсыз шеруге қатысқан" деген айыппен алты рет қамалып, соңғы бес айды санамағанда жиынтығы 85 күн абақтыда отырған. Бірнеше мәрте әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұлға іліккен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың күшіктері" деген сөзі үшін жазаланған белсенді Есхожинге тағы бір қылмыстық іс қозғалдыЕсхожин алғаш рет полиция назарына екі жыл бұрын наурызда – Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсылық танытып, пикетке шыққан кезде ілінген. Есхожин өзінің азаматтық белсенділігінің қалыптасуына былтыр ақпанда Нұр–Сұлтан түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған Дулат Ағаділдің себеп болғанын айтады.
Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған резолюциясында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді Еркін Сабаншиевтің бостандығы бір жылға шектелді