Қапшағай қалалық ауруханасының дәрігерлері "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішевтен жүрек ишемиясы ауруын анықтады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне оның адвокаты Гүлнар Жуаспаева және қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы хабарлады. "Түрлі заңсыздықтарға" қатысты бірнеше күннен бері түрмеде аштық жариялап жатқан Кенжебек Әбішев "бүйрегінен приступ ұстап" 14 сәуірде түнде ауруханаға түскен. Адвокатының айтуынша, оны жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген.
– Ол аштықты тоқтатқан жоқ. Бүгін алтыншы күн. Дәрігерлер әлсіздік барын айтты. Одан кейін жүрек ишемиясын анықтаған. Бүйрек және басқа да органдарын УЗИ-ден өткізіп, тексереді. Қазіргі негізгі нәрсе сол – жүрек ишемиясы. Дәрігерлер ол стрестен, жүйке жүйесінің тозғанынан деп түсіндіріп отыр. Қазір өзіне терезе арқылы да айттық. "Сенің өмірің қымбат, өмірің керек. Ол үшін денсаулық керек. Өзіңді білетін, саған жаны ашитын адамдардың бәрінің атынан өтініш – мына аштықты тоқтат" дедік. Қандай шешім қабылдайсың, оны өзің білесің. Саған емделу керек, дұрысталу керек, күш жинау керек екенін айттық, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, оны 35 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Зубайра Сәрсенова емдеп жатыр. Сәрсенова Әбішевтің жағдайын "тұрақты" деп бағалаған.
Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, 14 сәуірде Әбішевті аштықты тоқтатуға көндіру үшін прокурор, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері түрмеге барған.
– Әбішев оларға өзінің талабын айтқан. "Егер мәселені дұрыс шешетін болсаңдар, (оның жазаны жеңілдету туралы өтінішін заңсыз қанағаттандырмай отыр ғой - Р. С.) сондай жағдайда тоқтатамын". Онда да куәлік ретінде Рысбек ағаға кепілдік беріңдер деген. Енді қазір қылмыстық атқару жүйесі департаментіне барып, олардың қандай қорытынды шығарғанын білуге тырысамыз, – деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.
Азаттық тілшісі Қапшағай қалалық ауруханасына хабарласқан кезде қабылдау бөліміндегілер Кенжебек Әбішевтің ауруханада жатқанын растағанмен жағдайын айтудан бас тартты. Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінен де әзірге жауап ала алмадық.
Кенжебек Әбішевтің түрмеде аштық жариялағаны туралы хабар 11 сәуірде тараған. Құқық қорғаушылар оның түрме бастығы мен билікке арнап жазған хатын жариялап, денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Хатта Әбішев соттың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін "еш негізсіз" қанағаттандырмағанына шағымданған. Бұған қоса, түрменің қажетті дәрежеде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпей, соның салдарынан жүрек ауруы, тыныс жолы ауруы асқынып кеткенін атап көрсеткен.
Қарай отырыңыз: "Өмір сүруден шаршадым". Түрмедегі белсенді Тоқаевқа хат жазды
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған дейін түрме әкімшілігі Әбішевтің жағдайына қатысты түсініктеме бермеген.
Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Ал Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.
Бір жыл бұрын Қапшағай қалалық соты Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын. Сол кезде оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуына болатыны айтылған еді. Содан бері Әбішев ерте босап шығу туралы бірнеше рет өтініш жазған. Бірақ өтініші қанағаттандырылмады.