Коронавирус пен оған ұқсас пневмониямен 2890 адам тіркелді, 37 науқас қайтыс болды

Көрнекі сурет

Қазақстанда коронавирус індеті қайта өршіді. Өткен тәулікте елде коронавирус дерті зертханада ПТР әдісі арқылы расталған (КВИ+) 2 822 адам тіркелді. Әсіресе екі ірі қала – Нұр-Сұлтан мен Алматыда ауру жұқтырғандар көп. Кеше астанада – 653, Алматыда – 680 кісі Covid-пен есепке алынды. Аймақтар бойынша дерт жұқтырғандар көрсеткіші бойынша Алматы (248 адам), Қарағанды (205 адам), Ақтөбе (161 адам), Атырау (119 адам), Батыс Қазақстан (114 адам) облыстары және Шымкент қаласы (121 адам) алда тұр.

Ресми дерекке сүйенсек, былтыр наурызда елге коронавирус індеті келгелі 284 173 адам коронавируспен ауырған.

15 сәуірде коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмониямен (КВИ-) сырқат 68 адам тіркелді. Тамыздан бергі санақ бойынша, «ковид-тектес пневмониямен» ауырғандар саны 50 550 адамға жетті.

Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметі бойынша, алдыңғы тәулікте ковидтен – 31 адам, соған ұқсас пневмониядан 6 адам қайтыс болды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, қазір елде 36 757 адам коронавирус инфекциясынан (36 292 КВИ+ және 465 КВИ-) емделіп жатыр, соның ішінде 12 933 пациент стационарда, 23 824 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдайды. Науқастар арасында

  • 641 адамның жағдайы ауыр;
  • 159 пациенттің жағдайы өте ауыр;
  • 107 науқас өкпе желдеткіш аппаратқа қосылған.

Өткен тәулікте елде 2 892 адам коронавирустан емделіп шықты.