Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникацияны бақылау қызметі ("Роскомнадзор") мен бітімгер судья Азат Еуропа/Азаттық радиосына (АЕ/АР) қатысты істерде соттылықты анықтау кезінде 158 процессуалдық қате жіберген. Бұл жөнінде Мәскеудің 423-сот учаскесі Азаттыққа хабарлады.
"АЕ/АР" ашық акционерлік қоғамына (ААҚ) және оның бас директоры Андрей Шарыйға тағылған айыптар бойынша істі бітімгер судья емес, аудандық сот қарауы тиіс болған. 158 істегі процессуалдық қателік кесірінен Мәскеу қаласындағы 423-сот учаскесі 2021 жылғы 1 наурыздан бері қараған істердің күші жойылып, Тверь аудандық соты істі қайта қарауға жіберуі керек.
"Роскомнадзор" 2021 жылдың басынан бері "шетел агенті" деген тізімге енген Азаттық "жарияланымдарға белгі соғу тәртібін бұзғаны үшін" 390 хаттама толтырып, сотқа жолдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресей заңнамасының барлық ережелерін сақтайды, сондықтан бұл талаптарды орындаудан бас тартады, себебі мұны редакциялық саясатқа араласу деп санайды.
Барлық сот шешімдерін қосқанда Азаттықтың жобаларына 70 миллион рубльдей (1 миллион долларға жетеқабыл) айыппұл салынған. "АЕ/АР" ААҚ Ресей заңнамасы аясында бұл шешімдерге қарсы шағым түсірген. Алайда сот Азаттықтың бірде-бір шағымын қанағаттандырған жоқ.
Осы аптада "АЕ/АР" ААҚ Ресей билігі сөз бостандығын шектеп отырғанын айтып, Еуропаның адам құқықтары сотына арыз берді. "Ресей билігінің әрекеті Адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясының пікір білдіру және сөз бостандығына кепілдік беретін 10-бабына қайшы келеді" делінген Азаттықтың арызында.
Ресейде АЕ/АР танымалдығы артып барады: 2021 жылы АЕ/АР-дың Орыс қызметінің сайты айына 16 миллионнан астам оқылады.
- Азаттық радиосы, оның аймақтық жобалары, "Настоящее время" телеарнасы және АЕ/АР-ның бірнеше бөлімшесі 2017 жылдың соңында "БАҚ – шетелдік агент" тізіміне кірген. Министрліктің тізіміне енген бұл редакциялар қаржысы туралы есеп беріп, жарияланымдарын тиісті түрде белгілеп отыруы керек. АЕ/АР Ресейдің БАҚ – "шетелдік агент" туралы 2017 жылғы заңнамасын орындайды, бірақ оны "Ресей басшыларының журналистерді қудалауға бағытталған қауіпті қадамы әрі Ресей азаматтарына Кремль мақұлдаған ақпаратты ғана жеткізуге тырысу әрекеті" деп бағалайды.
- АЕ/АР басшылығы ешбір тараптың саяси не цензуралық мақсатпен редакция саясатына араласуына жол бермейтін медиаұйым екендерін үнемі ескертіп келеді.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы - Прагада орналасқан.