Бішкекте абхаз нөмірімен жүрген көлік иелері 19 сәуірде үкімет үйі алдына тағы жиналды. Олар айыппұл тұрақтарындағы көліктерін қайтарып, заңдастырып беруді талап етті. Жүргізушілер премьер-министр Улукбек Мариповтің сыртқа шығуын сұрады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Наурыз айында осындай көлік иелері бірнеше рет митинг өткізіп, үкіметтен көліктерін заңдастыру тәртібін айқындап беруді талап еткен.
Қырғызстанда абхаз нөмірі бар жапон көліктері үкіметтің нағыз бас ауруына айналды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Министрлер кабинеті тәуелсіз ел ретінде мойындалмаған елден көліктерді заңдастыра алмайтынын мәлімдеген. Әзірге мұндай көліктер айыппұл тұрағында тұр.
Шетел көліктерін тіркеу мәселесі Қазақстанда да наразылық туғызған. Былтыр жыл басында Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында автожүргізушілер жиналып, шетел көліктерін тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен. Билік шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді ұсынған. Жақында жергілікті БАҚ шетел көліктерін тіркеу мерзімінің тағы бір жылға ұзартылғанын хабарлаған, себебі көптеген жүргізушілер көліктерін тіркеп немесе Қазақстан аумағынан шығарып үлгермеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көліктің көбі ескі". Шетелдік автоны уақытша тіркеу машақаты