АҚШ-та сот Миннеаполис полициясының бұрынғы қызметкерін Джорж Флойдтың өліміне кінәлі деп тапты. Он сағатқа созылған жарыссөзден кейін 12 адамнан құралған сот алқасы 20 сәуірде Шовинді барлық үш айып бойынша кінәлі деп тапты. Оған үш бап бойынша: "абайсызда кісі өлтіру", "адам өлтіру" және "тұншықтыру" баптары бойынша айып тағылған болатын. 45 жастағы Шовинге ондаған жыл түрме жазасы берілуі мүмкін. Заңгер сарапшылар оның апелляцияға жүгінуі мүмкін екенін айтады.
Былтыр мамыр айында дүкенде жалған купюра өткізгені үшін полиция назарына ілігіп, ұстау кезінде қаза болған Джордж Флойдтың өлімі АҚШ-та ірі наразылық туғызып, нәсілшілдік мәселесінің қайта қозғалуына түрткі болды. Полиция қызметкері Дерек Шовиннің оны тоғыз минуттан астам уақыт тізесімен тұншықтырып, ұстап тұрғаны жайлы видео әлемге тарады.
Президент Джо Байден сот үкімін жылы қарсы алып, "ел-күн аманда жасалған қылмыс" АҚШ-тың құқық қорғау саласындағы мәселелерді және нәсілмен байланысты проблемалар барын көрсетті деп мәлімдеді.
Миннеаполистегі сот залында Шовиннің қолына кісен салынып, қамауға әкетілген кезде ғимарат сыртына жиналған көп адам үкімді қол шапалақтап қарсы алды. Сот отырысы шамамен үш аптаға созылып, ондаған куәгер тартылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Дем ала алмай жатырмын". Флойдтың өліміне күдікті полицейдің ісі сотқа жетті