Amnesty International халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы былтыр өлім жазасын қолдану бойынша соңғы он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш тіркеген. 2020 жылы әлемде 483 адамға өлім жазасы қолданылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26 пайызға аз. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан халықаралық ұйымның 21 сәуірде жарық көрген өлім жазасы туралы зерттеуінде осындай мәлімет көрсетілген.
Ұйым сарапшыларының мәліметінше, жалпы азаю тенденциясы соңғы бес жылда байқалған. Бірақ оған өлім жазасы мемлекеттік құпия болып саналатын Қытай, Солтүстік Корея, Сирия, Вьетнам сияқты елдердегі мәліметтер енбеген.
Құқық қорғау ұйымының айтуынша, коронавирус індетіне қарамастан 2020 жылы Иран және тағы 17 мемлекетте өлім жазасы жиі қолданылған. Иран (кемінде 246), Египет (кемінде 107), Сауд Арабиясында (27) орындалған өлім жазасы үкімдері бүкіл әлемде тіркелген көрсеткіштердің 88 пайызын құрайды.
2020 жылы кемінде 1477 өлім жазасы қоғам назарын аудартқан, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 36 пайызға аз.
"Бүкіл әлем адам өмірін коронавирустан арашалау амалдарын іздестіріп жатқан шақта кейбір үкіметтердің ештеңеге қарамай өлімі жазасына жүгініп, дарға асу амалдарын қолдануы алаңдаушылық туғызды" деді Amnesty International ұйымының бас хатшысы Агнес Калламар.
Қазақстан былтыр қыркүйекте Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасына қосылған. Желтоқсан айынды ратификацияны парламент мақұлдап, қаңтар айында арнайы заңға қол қойылды.
Қазақстан заңнамасында әскери қылмыс және теракт жасағандарға өлім жазасын қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Былтыр қыркүйекте хаттамаға қатысты түсініктеме берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев соған байланысты Қазақстан Конституциясына түзету енгізудің қажеті жоқ деп мәлімдеген. 2004 жылдың қаңтар айынан бері елде өлім жазасына енгізілген мораторий күшінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өлім жазасын жою. Конституция бабына келгенде пікір екіге жарылды