21 сәуірде Жаңаөзенде "Бұрғылау" мұнай сервис компаниясының мұнайшылары жалақы өсіруді талап етіп, үш күннен бері ереуілдетіп тұрған "Фиркрофт" мекемесінің жұмысшыларына қолдау білдіріп, бір сағатқа жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Азаттыққа "Бұрғылау" компаниясындағы мұнайшылардың бірі хабарлады.
– Біз бүгін таңертең жұмысты бір сағатқа тоқтаттық. Жалақыны көтеруді талап еткен "Фиркрофтың" аутсорсингтегі мұнайшыларын қолдадық. Егер мәселені шешпесе толық ереуілге шығамыз деп ескерттік, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан жұмысшы.
Жаңаөзендегі "Бұрғылау" мұнай сервис компаниясымен аутсорсинг келісім-шарты негізінде жұмыс істейтін "Фиркрофт" мекемесінің жүзге тарта жұмысшысының жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілдеп тұрғанына 21 сәуірде үш күн болды. Олар "Бұрғылау" мекемесінің автобекетінде жиналып тұр.
Аутсорсинг мұнайшылары өздерін "Бұрғылау" компаниясы штатына алуды талап етеді. Бұл талаптарына 2020 жылдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Еңбек кодексіндегі өзгерісті мысал етіп, соған сай аутсорсинг жұмысшыларының жалақысын олар жұмыс істейтін мекемемен теңестіруді талап етеді. Бұл туралы өткен аптада үндеу де жариялаған.
– Біз талабымыз орындалмай кетпейміз. Әкімдік мәселе шешілетіні туралы уәде береді. 30 сәуірге дейін күте тұруды, тарауды сұрайды. Бірақ біз келіспейміз, себебі сенбейміз. Бұл мәселені әкімдік талқылағалы екі айдан асты, -деді аты-жөнін атамауды сұраған мұнайшылардың бірі.
Азаттық "Бұрғылау" компаниясының бас директоры Мұстахим Берқалиев пен "Фиркрофт" компаниясына бірнеше рет қоңырау соққан еді. Бірақ ешкім тұтқаны көтермеді. Ал Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров мәселенің бақылауда екенін айтады.
– Біз "Фиркрофтың" жұмысшыларымен бірнеше рет кездестік. Ол туралы хаттама да бар. Мәселені құзырлы орындарға жеткіздік. 30 cәуірге дейін шешуді ұсынған едік. Оған дейін әлі уақыт бар. Бірақ оны түсінбей тұр. Бәрі шешіледі , - деді Мақсат Ибағаров.
Қазақстанда жалақы өсіруді талап еткен мұнайшылар ереуілі жиіледі. Өткен аптада Қызылорда облысында "Қуат Амлон Мұнай" компаниясының 300-ден астам жұмысшысы жалақы өсіруді талап етсе, оған дейін Ақтөбеде мұнайшылар жұмыс беруші компанияға сондай талап қойған.
Қарай отырыңыз: Қызылордада мұнайшылар президентке үндеу жолдады (16 сәуір 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5