Жаңаөзенде жұмыс беруші компания ереуілдеген "Фиркрофт" жұмысшыларын сотқа берді 

"Фиркрофт" жұмысшылары билікке арнап жазған үндеулерін оқып тұр. Жаңаөзен, 22 сәуір 2021 жыл.

Жаңаөзендегі "Бұрғылау" мұнай компаниясына аутсорсинг келісім-шартымен қызмет көрсететін "Фиркрофт Инжиниринг Сервис Лимитед Қазақстан" мекемесінің бірнеше күннен бері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілдетіп тұрған мұнайшыларын жұмыс беруші компания сотқа берді. Ал ереуілшілер өздеріне қысым жасалып жатқанын мәлімдеп, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымовпен кездесуді сұрады.

Ереуілдеп тұрған "Фиркрофт" мұнайшылары 22 сәуірде тағы да видео үндеу түсіріп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысы әкімі Серік Тұрымовтан көмек күтетіндерін мәлімдеді.

"Біз Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы "Бұрғылау" мекемесінің аутсорсинг жұмысшыларымыз. 19 сәуірде видео үндеу жолдағанбыз. Осы күнге дейін ешкім заңсыздықтарды шешіп бермеді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 103-бабына енген өзгерістерді заңды түрде жүзеге асыруды талап етеміз. Маңғыстау облысының әкімі Тұрымов осы мәселені қарауыңызға алып, аутсорсинг жұмысшыларымен кездесуіңізді сұраймыз. Осы жерде тұрған Қазақстанның 108 азаматына әртүрлі қитұрқы қысым жасалып жатыр. Сол себепті тез арада шешімін табуды сұраймыз" дейді жұмысшылар үндеуін оқып берген ереуілшілердің бірі видеода.

"Фиркрофт" мұнайшыларының мәлімдеуінше, жұмыс беруші олардың үстінен сотқа арыз түсіріп, наразылықты "заңсыз" деп тануды сұраған. Жаңаөзен қалалық сотының ереуілшілерге жіберген хабарламасында алғашқы сот тыңдауы 26 сәуірге белгіленген деп жазылған. Оған Жаңаөзен қаласы сотының судьясы Г.Жанғалиева қол қойған.

Азаттық тілшісі "Фиркрофт" компаниясының Ақтаудағы кеңсесіне наразылық басталғалы бері үздіксіз хабарласып келеді, бірақ әлі күнге дейін телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Ал "Фиркрофт" мекемесінің өкілі ретінде сотқа арызданған Луиза Дүйсенғалиева жауап беруден бас тартып, кеңсеге хабарласуды сұрады.

Жаңаөзендегі "Бұрғылау" мұнай сервис компаниясымен аутсорсинг келісім-шарты негізінде жұмыс істейтін "Фиркрофт" мекемесі жұмысшыларының ереуілі 19 сәуірде басталған. Олар 2020 жылдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Еңбек кодексіндегі өзгерісті мысал етіп, соған сай аутсорсинг жұмысшыларының жалақысын олар жұмыс істейтін мекемемен теңестіруді талап етеді.

Жаңаөзеннің екінші бір бөлігінде дәл осындай талаппен 20 шақты мұнайшының ереуілдеп тұрғанына да бірнеше күн болды. "МұнайФилдСервис" компаниясына аутсорсинг келісім-шартпен қызмет көрсетіп жатқан "MADIBA" компаниясының жұмысшылары 21 сәуірде жұмыс берушіден ереуілдің "заңсыз екені жайлы" ескерту хат алғанын хабарлады. Жұмысшылардың айтуынша, компания басшылығы тарауды ұсынған. Бірақ ереуілшілер талаптары орындалмайынша тарқамауға бекінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңаөзенде "Бұрғылау" мұнай сервис компаниясы ереуілшілерді қолдап, жұмысын бір сағатқа тоқтатты