26 сәуір кешке Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты белсенді Данияр Байтілеуді "жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіге шақырғаны үшін" 15 күнге қамады. Бұл туралы белсендінің жақындары хабарлады. Дүйсенбі күні түстен кейін белсенді Facebook-та тікелей эфирге шығып, өзін полиция қызметкерлерінің бөлімшеге алып бара жатқанын хабарлаған.
Sud.kz сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 53 жастағы Данияр Байтілеу 22 сәуір күні Facebook-те белсенді Айжан Жолдасованың жеке парақшасында "халықты митингіге шығуға үгіттеген". Ол қала әкімдігінен рұқсат алмастан "Наурыз" алаңына “заңсыз митингіге" шақырды деп айыпталған.
Байтілеу тағылған айыпты мойындаған. Митингіге "жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін" деген талаппен шыққысы келгенін айтқан.
19 сәуірде Данияр Байтілеумен бірге бір топ белсенді қала әкімдігіне барған. Олар 24 сәуір күні "Наурыз" алаңында жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге қарсы митинг өткізуге хабарлама берген. Алайда әкімдік карантин талаптарына сай митинг өткізуге рұқсат бермеген.
24 сәуірде Шымкентте митингіге шығамыз деген белсенділерді полиция үйінен, кейбірін көшеден ұстады. Полиция митинг болады деген Орталық саябақты қоршап, күзетіп тұрды.
Өткен демалыс күндері Шымкенттен бөлек, осыған ұқсас жағдай Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және өзге қалаларда болған. 24 сәуірге белгіленген жер митингісін белсенділер тек Алматыда ғана өткізе алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Даулы заң қабылданса, алаңда шатыр тігіп, аштық жариялаймыз". Жер митингісі қалай өтті?Белсенділердің айтуынша, қазір парламенттің жоғары палатасына түскен жер туралы заң жобасы шетелдіктердің орман өсіру үшін 25 жылға жалға жер алуына мүмкіндік береді. Олар аталған жоба кері қайтарылсын дейді. Наразылар жерді қазақстандықтарға сатудың өзі ел болашағына қауіп төндіретінін айтып отыр.