Болгария: Әскери қоймалардағы жарылысты ресейліктер ұйымдастырған болуы мүмкін

Чехиядағы жарылыстарға қатысы бар делінген "ГРУ қызметкерлерінің" жалған төлқұжаттары.

Болгария прокуратурасы елдегі бірқатар жарылыстарға Ресей азаматтарының қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің болжамынша, олар Грузия мен Украинаға жеткізілуі тиіс оқ-дәрі орналасқан қоймаларды нысанаға алған. Мұндай диверсиялар кемінде 2011 жыл мен 2020 жылдар аралығында болған.

"Ресей азаматтары Грузия мен Украинаға арнайы өнімді тасымалдауға кедергі жасауға тырысқан, мұны жоғары сеніммен айтуға болады" деді сәрсенбі күні баспасөз жиынында Болгария бас прокуроры Сийку Милеву.

Осыған дейін ресейліктердің қару-жарақ тасымалдаумен айналысатын жергілікті кәсіпкер Емельян Гебревке қастандық жасау ісіне қатысы болуы мүмкін екені хабарланған еді.

Тергеу орындары Гебревке тиесілі EMCO қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа (2011 жылы 12 қараша) Ресейдің қатысы бар-жоғын зерттеп жатыр. Қоймада Грузияға жеткізілуі тиіс өнімдер болған.

2015 жылы наурыз бен сәуір айларында Иганов қаласында әскери зауыт қоймасында қатарынан екі жарылыс болды. Болгария экономика министрлігінің мәліметінше, онда EMCO өнімдері де болған.

2015 жылы 31 мамырда Софияда бұрынғы арнайы техника институтының ғимаратынан өрт шығып, нәтижесінде Игановтағы жарылысқа қатысты материалдар өртеніп кеткен. 2020 жылы Мыглиж қаласы маңындағы "Арсенал" зауыты қоймасында жарылыс болған.

11 күн бұрын Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш 2014 жылы Врбетице қаласында әскери қоймада болған жарылысты Ресей барлау қызметі ұйымдастырды деп мәлімдеген еді.

Чех арнайы қызметінің болжамынша, операцияға ГРУ-дің жоғары лауазымды офицерлерінің қатысы бар. Операцияға генерал Андрей Аверьянов жетекшілік еткен.

Жарылысқа қатысы болуы мүмкін ГРУ офицерлері Александр Мишкин мен Анатолий Чепигаға іздеу жарияланды. Олар бұған дейін де ГРУ-дың кадр бөлімінің бұрынғы бастығы Сергей Скрипаль мен қызына Ұлыбританияда у берді деген күдікке ілінген.

Олардың Гебревке жасалған қастандыққа да қатысы болуы мүмкін. Кәсіпкер Гебрев Скрипаль сияқты "Новичок" уымен уланған деген болжам пайда болды.

Ресей өз азаматтарының жарылыстарға қатысын жоққа шығарды. Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "бізді әйтеуір эрцгерцог Фердинандтың өліміне айыптамағаны жақсы болды" деп мәлімдеді.