Оралдағы әкімшілік сот Маруа Искендированы 24 сәуірде қалада өткен бейбіт митингіге қатысқан үшін айыпты деп тауып, ескерту берді. Сот қала тұрғынын Әкімшілік кодекстің "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру ережесін бұзу" бабы бойынша айыптады.
Полиция 30 сәуір таңертең Искендированы үйінен алып кетіп, Абай аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Ол өзін полиция әкетіп бара жатқанын Азаттыққа айтып үлгерген. Кейін адвокаты Искендированың үстінен хаттама толтырылып, сотқа жіберілгенін хабарлады. Кешкісін істі судья Марат Сисенғали қараған.
Искендирова 24 сәуірде алаңға жиналып, бейбіт митинг өткізгені үшін жауапқа тартылды. Бұл жиынға әкімдік рұқсат бермеген еді.
- "Жер сатуды тоқтатыңдар" деген сөзді үш тілде, қазақ, ағылшын және орыс тілінде жазып, плакатпен митингіге шыққан. Әкімдік өкілінің заңсыз шараны тоқтату туралы талабын орындамаған, - деді судья Сисенғали.
Искендированың сөзінше, акция болған жерге қала және облыс әкімдігінің өкілдері, санитарлық қызметкерлер болған. Олар қала әкімдігі өкілдерінің шараны тоқтату талабынан соң біраз уақыттан соң тарап кеткенін айтты. Искендирова сотта наразылық шарасы жарты сағатқа созылғанын жеткізді.
Прокурор тұрғын Искендированы айыпты деп танып, 12 күнге қамауды сұрады. Сот Искендированың кәмелетке толмаған қызы барын ескеріп, оған ескерту берді. Судья тұрғынға егер тағы да наразылық шараларына қатысса, айыппұл салынатынын я қамалатынын ескертті.
21 сәуірде Искендирова мен тағы бір белсенді Бекболат Өтебаев әкімдікке 24 сәуірде митинг өткізуге өтініш берген. Келесі күні әкімдік "санитарлық шектеулерді" алға тартып, рұқсат бермеген. 22 сәуірде Өтебаевтың ұсталып, он күнге қамалғаны белгілі болды.
Қазақстанда жұрт қандай да бір митинг ұйымдастыратын болса биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары жазаланады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінен бұл заңды жеңілдетуді талап етіп келеді.