Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны зертханада дәлелденген 2 877 адам тіркелді. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бейсенбіде коронавирустан 31 адам, "оған ұқсас пневмониядан" 7 адам қайтыс болды.
Диагнозы ПТР әдісімен дәлелденгендер арасында елдің екі ірі қаласы алда тұр. Covid-пен Алматыда 697 адам, Нұр-Сұлтанда – 570 адам тіркелді. Аймақтар арасында Қарағанды облысы алда тұр, мұнда бір тәулік ішінде 235 науқас анықталған.
Былтырғы наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың ресми көрсеткіші 322 695 адамға жетті, 3 699 адам көз жұмды.
29 сәуір, бейсенбі күні елде ПТР тесті теріс нәтиже көрсетсе де, симптомдары коронавирусқа ұқсайтын "ковид тектес пневмониямен" ауырған 98 науқас тіркелді, Індет өршіген былтырғы тамызда бері жүргізілетін бұл санаққа 52 942 адам енген. Ресми мәлімет бойынша, "ковид тектес пневмониядан" 801 адам қайтыс болған.
1 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 42 510 адам коронавирус инфекциясынан (42 019 кісі Covid-тан, 491 адам "соған ұқсас пневмониядан") емделіп жатыр, соның ішінде 14 843 пациент стационарда, 27 677 науқас амбулаториялық деңгейде ем алып жатыр.
Осы күні 769 адамның жағдайы ауыр, 184-інің жағдайы өте ауыр, 125 науқас өкпе желдеткіш аппаратта жатыр.
Өткен тәулікте 3062 адам коронавирус дертінен емделіп шықты.
Сенбі күні денсаулық сақтау министрлігі коронавирус вакцинасының бірінші компоненті 1,3 миллиондай адамға, екінші компоненті 266 мыңдай адамға салынғанын хабарлады. Қазір елде Ресейде әзірленіп, Қарағандыда шығарылған "Спутник V" және отандық QazVac вакциналары салынып жатыр. 30 сәуірде денсаулық министрі Алексей Цой Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасы да жақын арада аймақтарға жіберілетінін айтты.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегіне қарағанда әлемде коронавирус жұқтырған 151 миллионнан астам жағдай тіркелген, 3,1 миллиондай адам Covid-тен көз жұмған. Жұқтырғандардың ең көп көрсеткіші АҚШ, Үндістан, Бразилия, Франция және Түркияда тіркелген. Жақында Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны Ресейдегіден асып кетті.