Шотландия парламенті сайлауында референдумды жақтайтын ұлттық партия озды

Никола Стерджен - Шотландияның тәуелсіздік алуын жақтайтын Шотландия ұлттық партиясының лидері әрі Шотландия үкіметінің басшысы.

Ұлыбритания біріккен корольдігі құрамындағы Шотландияда өткен парламент сайлауында Шотландия ұлттық партиясы (SNP) жеңіске жетті. Тәуелсіздік туралы референдум өткізуді жақтайтын саяси партия енді мақсатына жету үшін Лондонға бұрынғыдан да белсенді ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.

Сенбі, 8 мамырдағы дауыс санау барысында Шотландия ұлттық партиясына бір палаталы аймақ парламентіндегі 129 орынның 64-і тиетіні белгілі болды. SNP лидері әрі Шотландия үкіметінің басшысы Никола Стерджен егер ұлттық парламенттегі көпшіліктің қолдауына ие болса, аймақ тәуелсіздігі туралы референдум өткізуге күш салатынын мәлімдеді.

SNP партиясының парламентте басым дауысқа ие болуына бір мандат жетпей қалды. Стерджен басқаратын партия осы жолғы сайлау қорытындысында 8 мандатқа ие болған "жасылдар" партиясымен парламент коалициясын құру талпынуы мүмкін дейді сарапшылар.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Шотландия тәуелсіздігі туралы жаңа референдум өтуі мүмкін дегенді жоққа шығарды. The Daily Telegraph басылымына берген сұхбатында Джонсон ондай бастаманы "жауапсыздық әрі ессіздік" деп атады.

2014 жылы Шотландияда тәуелсіздік туралы референдум өткен. Дауыс бергендердің 55 пайызы Ұлыбритания құрамында қалуды жақтаған.