Өзбекстан жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығарды. Іс бойынша 17 адам айыпталған. Бұл туралы Өзбекстан жоғарғы соты хабарлады.
Сот істі 2020 жылдың 21 желтоқсанынан қарай бастаған. Процесс жабық жүрді. Себебі, қылмыстық істе мемлекеттік құпия санатына жататын материалдар бар деп айтылды.
Азаттықтың Өзбек қызметі бұған дейін жеті айыпталушының қамауға алынғанын, алты адамның кепілпен босатылғанын хабарлаған. Төртеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.
Сот "Узтемирйулкурилишмонтаж" кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары М.Холматовқа 10 жыл түрме жазасын берді. Оған "ірі көлемде ақша жымқыру", "жалған құжат жасау", "тау, құрылыс немесе жарылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік ережелерін бұзу" баптары бойынша айып тағылған.
UzGIP жобалау бөлімінің бұрынғы бастығы С.Руднев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған да жоғарыда көрсетілген үш бап бойынша айып тағылған. "Сырдария су құрылыс инвест" мемлекеттік біртұтас кәсіпорнының бұрынғы басшысы С.Абдуназаров бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыпталғандар арасында шенеуніктер, құрылысшылар, инженерлер, еншілес компания өкілдері бар.
Сот сонымен бірге жауапкерлерді ақша жымқырудың салдарынан мемлекетке келген шығын көлемін өтеуге міндеттеді.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, алты айыпталушыға түрме жазасы берілген, біреуінің бостандығы шектелген. Қалғанына айыппұл салынған, кейбір айыпталушылардың бірқатар құқықтары шектелген.
Сардоба су қоймасы 2017 жылы қазіргі президент, сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияевтің бастамасымен салынған. Оның құрылысына бюджеттен 404,4 млн доллар бөлінген.
Былтыр 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылып, 6 адам қаза болған, шамамен 70 мың адам эвакуацияланған еді. Ондаған адам Қазақстанның Өзбекстанға жақын орналасқан Түркістан облысына көшірілді. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында да кемінде бес елді мекен зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, 900-ге жуық үй бұзылған, 7 мың гектар егістікті су шайып кеткен. Шамамен 300 ірі қара мал өлген.
Қазақстан селден зардап шеккендерді басқа ауылға көшіріп, жаңа үй салып берген. Алайда тұрғындар бұған дейін құрылыстың сапасына шағымданған. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, Өзбекстанда кейбір тұрғындар әлі күнге дейін баспанасыз жүр.
Сарапшылар қорытындысында бөгеттің жарылуына жобалау, салу және пайдалану кезінде кеткен қателіктер себеп болды деп жазылған. Алайда кейбір мамандар апатқа жаппай жемқорлық атап айтқанда, құрылыс барысында бетондар мен құрылыс материалдарының ұрлануы себеп болуы мүмкін деп топшылаған.