13 мамыр таңертең Қазақстан мешіттерінде Ораза айт намазы оқылды. Биыл індетке байланысты намаз мешіттер ауласында оқылды. Бірнеше күн бұрын Қазақстанның Мұсылмандар діни басқармасы сондай шешім шығарған. Бірақ ҚМДБ мешітке келушілер маска тағып келуі тиіс, намаздан кейін көп кідірмей үйлеріне тарауы тиіс деген болатын.
Нұр-Сұлтандағы Әзірет Сұлтан мешітінде намаз таңғы 7:00 де басталды. Астанадағы ең үлкен мешітке мыңдаған адам жиналды. Карантин ережелеріне сай құлшылық ету мешіт ауласында өтті. Жамағатты мешіт қызметкерлері күтіп алып, қай жерге жайғасу керегін айтып, жол сілтеп тұрды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүрді.
Ораза Айт намазын Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы оқыды. Құлшылық басталғанға дейін бас мүфти уағыз айтып, елдің амандығын тілеп, дұға етті.
Биыл Қазақстанда Рамазан айы 13 сәуірде басталған.
Бейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді Ораза айт мерекесімен құттықтады деп хабарлады Ақорда.
"Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады. Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік!" делінген құттықтауда.
Былтыр ҚМБД індетке байланысты Ораза айт намазын оқу үшін мешіттерге жиналуға тыйым салған болатын.
Жыл сайын мұсылмандарға қасиетті саналатын Рамазан айы біткеннен кейін Қазақстандағы мешіттердің барлығында айт намазы оқылып, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылады. Айт кезінде әр отбасында дастарқан жайылып, адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсыну дәстүрге айналған.