14 мамырда Қарағандыда Сәтбаев қаласында болған төбелеске қатысты сот үкімі оқылды.
Сот 55 айыпталушының тоғызын үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұл азаматтарға "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыптар тағылған. 44 адам 4 жыл шартты жаза алды. Екі адам 1,5 жылға шартты түрде сотталды.
Осыған дейін прокурорлар айыпталушылардың кінәсін мойындағанын, олармен процессуалды келісім жасалғанын хабарлаған. Сот прокурор сұраған жазаны берді.
Бұл іс бойынша тағы екі айыпталушыға іздеу жарияланған. Олардың ісі бөлек тергеліп жатыр.
Былтыр 24 шілдеде Сәтбаев қаласында "62 жастағы ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады" деген ақпараттан соң түнде жаппай тәртіпсіздік болған. Ондаған адам зардап шеккен.
Жоғалып кеткен қыз 62 жастағы ер адамның үйінен табылған. Осыдан соң үйдің ауласына адамдар жиналып, ер адамды жазаламақ болды. Полиция күдікті адамды полицей формасын кигізіп, үйден алып кетті дегенді естіген ондаған адам бөлімшеге барып, ғимаратын қиратып, көліктерді өртеген. Тәртіпсіздік кезінде 60 адам – полицейлер мен қарапайым тұрғындар зардап шекеен.
Кейін 62 жастағы күдікті тергеу изоляторында асылып қалған. Полиция ол суицид жасады деген. Қазір екі тұрғын – ерлі-зайыпты “адам ұрлады”, “зорлады” және “жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады” деген күдікпен қамауда отыр. Бұл екі адамның соты жабық режимде өтіп жатыр.