Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орынбасарының кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Vlast сайты жазды. Жұма күні министр халық алдында есеп берген.
Қаңтар айының соңында мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің "өз еркімен" қызметінен кеткені хабарланған. Артынша оның "жемқорлық күдігіне" ілініп ұсталғаны туралы хабар тараған.
"Конституцияға сәйкес, кінәсіздік презумпциясы бар және кінә дәлелденуі тиіс. Егер [Сәкен Мұсайбековтің] кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес мен отставкаға кету туралы өтініш беремін" деді Райымқұлова есеп беру жиыны кезінде.
Қазақстанда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықов жемқорлықпен сотталған кезде әкімнің орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға кетуге өтініш жазған. Бірақ қала әкімі Алтай Көлгінов орынбасары Мәкеннің өтінішін қабылдамай, оған қатаң сөгіс жариялаумен шектелген. Әкімнің орынбасары Азаттыққа берген сұхбатында заңға сай қызметінде қалғанын айтқан еді. Кейбір сарапшылар мұны "көзбояу" деп атаған болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қызметкері парамен ұсталған басшының отставкаға арыз жазып, орнында қалуы "көзбояу" ма?