Қырғызстан мен Тәжікстанның ресми тұлғалары қантөгіс болдырмас үшін шекарадағы даулы аудандарды бірігіп бақылауға келісті.
Баткен облысының шенеуніктері 18 мамырда қырғыз жағындағы Ак-Сай ауылы мен тәжік жағындағы Ворух ауданы арасында ортақ бақылау-өткізу пункті құрылғанын мәлімдеді. Екі елдің құқық қорғау қызметкерлері мен шекарашылары осы пунктіде тұрақсыз аймақтағы қауіпсіздікті бақылайды.
Бір күн бұрын шекарада Қырғызстан мен Тәжікстанның бірнеше азаматы ұсталып, қайта босатылғаны туралы хабар тараған. Ақпаратқа қарағанда, Ак-Сай ауылы тұрғындары үш тәжік азаматын қырғыз милициясына ұстап берген. Бір мезгілде тәжік жағында да үш қырғыз азаматының ұсталғаны хабарланды.
Қырғыз тарабы Тәжікстанда қамауда болған үш азаматтың соққыға жығылғанын мәлімдеді.
Баткен облысы билігінің хабарлауынша, қырғыз бен тәжік делегациялары 17 мамырда қырғыз азаматтарының соққыға жығылуына кінәлілерді жазалауға келіскен. Бұл ақпаратты тәжік делегациясы құрамында болған аты-жөнін айтпаған ресми тұлға да Азаттыққа растады.
Үш апта бұрын тәжіктер шекарадағы даулы аудандарда бақылау камераларын орнатпақ болып, соңы қақтығысқа ұласқан еді.