Қазақстанда коронавирус пен коронавирус пневмониясынан қайтыс болғандар дерегіне тағы 2 мыңнан астам адам өлімі қосылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство келтірген мәліметке сәйкес, былтыр елде 1783 адам – коронавирустан, 2946 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған. 2020 жылы осылайша 4732 адамның өліміне Covid себепші болған. Бұған дейін министрлік былтыр 2284 адамның – коронавирустан, 499 адамның коронавирус пневмониясынан қайтыс болғанын хабарлаған еді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл алғашқы төрт айда 1794 адам Covid пен коронавирус пневмониясынан көз жұмған: 1480 науқас - коронавирустан, 314 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.
Осылайша 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 6 523 адам қайтыс болған. Ал коронавирус дерегі жаңармағанға дейін бұл көрсеткіш 4,5 мыңнан астам адамды құраған еді.
Вашингтон (АҚШ) университеті медицина мектебінің денсаулық көрсеткіштері және бағалау институтының (IHME) зерттеуінде Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны ресми статистикада көрсетілгеннен 14,5 есе көп екені айтылған. IHME есебі бойынша, Қазақстанда Covid-19 салдарынан 81 696 адам қайтыс болған.
9 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі IHME есебінде көрсетілген мәліметті жоққа шығарды. Министрлік "пандемия басталғаннан бері Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 6575 адам қайтыс болды" деп мәлімдеді.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Қазақстанда індет басталғалы бері барлығы 418 201 адам коронавирусқа шалдыққан. Халықаралық ұйым коронавирус пен коронавирус пневмониясын қосып есептейді. Халықаралық ұйым коронавирус пневмониясын Covid-ке жатқызғанмен Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі "пневмонияны" бөлек жариялап жүр.
Қазақстанда Covid-19 бойынша ресми статистиканы сынап, ол елдегі шынайы науқастар мен вирустан қайтыс болғандар санын өте азайтып көрсетеді деп санайтындар аз емес. Сарапшылар "мақсатты жасалған манипуляция" болуы да мүмкін деген пікір айтады, ал кейбір лауазымды тұлғалар денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус жайлы келтірген кей дерегін "эквилибристика" деп атап, сынаған.