Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде мерзімді әскери борышын атқарып жүрген жас жігіт казарманың төртінші қабатынан секіріп, мерт болды. Бұл туралы қорғаныс министрлігіне сүйенген Tengrinews сайты жазды.
"82796 әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жауынгер суицид жасап, казарманың төртінші қабатынан секірді. Реанимация шараларына қарамастан 20 мамырда есін жимаған күйі көз жұмды. Қорғаныс министрлігі қайтыс болған жігіттің туыстары мен жақындарына көңіл айтады" делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Ақпаратқа қарағанда марқұм 2021 жылы сәуір айында әскерге шақыртылған. 15 мамырда әскери ант қабылдаған.
Ведомство құқық қорғау органдарының тергеу жүргізіп жатқанын, тергеу құпиялылығына байланысты қалған ақпарат айтылмайтынын хабарлады.
Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың суицид жасағаны жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп, мерт болды. Сол кезде сарбаздың өзіне қол жұмсауына әскердегі әлімжеттік себеп болды деп айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Лох", "черт", "тоқылдақ". Әскердегі психологиялық әлімжеттік басылмай тұр