2021 жылы Қазақстан Ресейге су үшін былтырғыдан қарағанда көп қаржы төлеген, бірақ аз көлемде су алады. Бұл туралы 25 мамырдағы брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғани Исқалиев айтты.
— Былтыр 180 миллион кубметр су үшін үш миллиард теңге төледік. Биыл Ресейге 4,2 миллиард теңге төлеу жоспарда бар, бұл қаржыға 140 миллион куб су болады. Су Саратовтан келеді, ол жақта электр энергия тарифы өзгерген. Бұл суды Жайық өзенінен 92 метрден жоғарыға шығарады. Сондықтан біз насос станциясының да шығынын төлеуге мәжбүрміз, — деді Исқалиев Азаттық тілшісінің сұрағына.
Су ресурстары жөніндегі сарапшы Мейрам Жұмабековтің сөзінше, Қазақстан Ресейге судан гөрі насос станциясына көп ақша төлейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жайық өзені жойылуға шақ тұр. Экологтар дабылы— Жайықтан су Үлкен және Кіші өзенге келетін канал бар, бірақ суды одан әрі жүргізу үшін насос керек. Сондықтан су шығыны көбейді. Шығынға "Саратовмелиоводхоз" жұмысшыларының ақысы да кіреді. Бірақ шығынның көбі электр энергиясына кетеді, — деді ол.
Жұмабековтің сөзінше, Қазақстан Ресейден алатын су Батыс Қазақстан облысының суға тапшы оңтүстік өңірлеріне ауыл шаруашылық, мал суару, балық шаруашылығына бөлінеді және Казталов, Жанғалы, Бөкей орда, Жәнібек аудандарындағы шағын каналдарға жіберіледі.
Ресейден бастау алып, Қазақстанның екі облысы арқылы өтіп, Каспий теңізіне құятын Жайық өзені кейінгі кезде тартылып, БҚО-да су тапшылығы сезіле бастады. Облыс әкімі Исқалиев судың тартылуына Жайық суын дұрыс пайдаланбаудан болуы мүмкін дейді.
— Біз 600 миллион куб су ала аламыз, Атырау облысының өз лимиті бар. Ресейдегі Орынбор облысының да өз шегі бар. Бұл лимит орындалып жатыр ма, қазір ғалымдар тексеріп жатыр. Егер шектеуден асатын болса, тиісті жерлерді жабу керек болады, — дейді әкім.
2019 жылы Жайық өзені қатты азайып, оның жағасында тұратын жұрт құрғақшылық болып жатқанын айтқан. Азаттықтың түсірілім тобы Жайықтың Ресейден бастап Батыс Қазақстан және Каспий теңізіне дейін аралап, фильм түсірген.
Your browser doesn’t support HTML5