26 мамырда Нұр-Сұлтандағы еңбек министрлігі алдына тағы да он бес шақты көп балалы және мүгедек баласы бар әйел жиналды. Олар биліктен баспана мен әр балаға 42 500 теңге жәрдемақы беруді талап етті.
Наразы әйелдер алдымен еңбек министрлігі алдына жиналып, еңбек министрінің шығуын талап етті.
– Біз тұрмысы нашар, баласы көп отбасына тұрғын үй қорынан баспана берілуін талап етеміз. Бізді "Отбасы банкіне" итере берудің қажеті жоқ. 2% да оңай емес әрі 15 миллионға 7-8 баласы бар отбасы қандай үй ала алады? Одан да осы сомаға 4-5 бөлмелі пәтер берсін, ай сайын бөліп төлейміз, онсыз да пәтер жалдап жүрміз. Екінші талап – әр балаға 42 500 теңге жәрдемақы берілсін, - деді алтын алқа иегері Гүлзада Әбдіраманова.
Оның сөзін өзге әйелдер де қостады. Наразылар Қазақстанның сыртқы қарызының көптігін айтып, "сырттан қарыз ала бергенше, оффшордағы ақшаларды әкелсін" деп те айқайлады.
Көп балалы аналар белсендісі Қанағат Шүменова "Қазақстан билігі тұрғындарға несие қамытын кигізіп, басын көтертпей отыр, оны төлеуге ұмтылған борышкерлерде денсаулық та жоқ, оны ойлайтын мүмкіндік те жоқ" деді.
Министрлік алдына топтасқан әйелдерді полиция өкілдері бақылап тұрды. Наразылар бір сағаттан астам уақыт тұрса да министр шықпады. Министрлікте ана мен бала мәселесімен айналысатын маман шықты. Өзін Гүлмира Жәкенқызы деп таныстырған қызметкер баспана мәселесі еңбек министрлігі құзіретінде емес екенін айтты.
- 42500 теңге жәрдемақы туралы да ешнәрсе айта алмаймын. Елде қазір 18 жасқа толмаған 6250 бала бар. Егер ай сайын оларға 42500 теңгеден төлесек, ол 3 триллион теңгеден асып кеткен болар еді, - деді Гүлмира Жәкенқызы.
Оның сөзіне қанағаттанбаған әйелдер Ақордаға бармақ болды. Бірақ олардың жолын әдеттегідей арнайы жасақ бөгеді. Аптап ыстыққа қарамай жиналған бір топ әйел "президентке жол ашылсын!" деп айқайлады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 440 мың көп балалы отбасы бар. Үкімет оларға 11 түрлі жәрдемақы төлейді. 2019 жылы қабылданған ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Бірақ төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53 127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңгеден береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Полиция баспана мәселесіне шағымданған көп балалы отбасыны кеттлинге алып, Ақордаға өткізбеді